Есік қаласында 900 орынға арналған мектептің іргетасы қаланды. Аталған шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мектеп құрылысын қаржыландырған «Верный капитал» компаниясы мен Болат Өтемұратов қоры және FORTEBANK-тің лауазымды тұлғалары қатысты.
Облыс әкімі жиында мектеп құрылысының жұмысын бақылап, білім ошағының оқушылардың игілігіне бағытталуы қажеттігін атап өтті.
«Облысымызда үшауысым мен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында 16 мектептің құрылысы жүруде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланған. Міне, «Верный капитал» компаниясы мен Болат Өтемұратов қоры FORTEBANK арқылы 900 орынды жаңа мектептің іргесін қалауда. Жобаның құны 8,11 млрд теңгені құрайды. 33 мыңнан астам тұрғыны бар Есік қаласы ғана емес, жалпы облысымыз үшін бұл керемет сыйлық, зор қуаныш. Жаңа мектепте балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндіктер қарастырылады. Демалыс орындары, оқу-өндірістік шеберханалар, спорт және гимнастика залдары, ақпараттық орталық, зертханалар, шығармашылық студиялары мен коворкинг кеңістігі соңғы заманауи үлгіде жабдықталады. Мектеп құрылысы 2024 жылдың қыркүйегіне аяқталып, мемлекет балансына беріледі. Облысымыз тағы бір заманауи мектеппен толығады. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Бүгінгі жаңа мектептің іргетасын қалауда демеушілік танытып отырған қайырымды азаматтарға облыс жұртшылығының алғысын жеткізіп, құрылыс сәтті өтсін демекпін. Қашан да парасатты істеріңіз өсер ұрпақтың жақсылығымен қайтсын!» – деді мектептің іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген облыс басшысы.
Шараға қатысқан ForteBank-тің басқарма төрағасы Бекжан Пірматов мектеп құрылысы мемлекет бюджетіне ауыртпалық түсіретіндігін, сондықтан, ForteBank Алматы облысына көмектесіп, жаңа, заманауи мектеп салуға қаржы бөлгендігін, бұл қадам еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосатындығын айтты. Жобаны қаржыландырған «Верный капитал» компаниясы мен Болат Өтемұратов қорының өкілдері де жас ұрпақтың озық әлемдік тәжірибеге сай дамуына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында орта және жоғары білім беру саласында инфрақұрылымдық жобаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға күш салып жатқандарын тілдеріне тиек етті.
«Қор мемлекеттік үлгідегі классикалық мектептерді емес, заманауи білім беретін мектептерді салып, еліміздің білім беру саласына орасан зор үлес қосуда. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мектептерді салуды өз міндетіміз деп білеміз. Есік қаласындағы 900 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы балалардың танымдық қабілеттері мен психикалық дамуына кері әсерін тигізетін үшауысымды мектептердің қиындығын жеңілдетеді. Сонымен қатар, жас ұрпақтың ақаусыз өсуіне, заманауй білім білім алуына оң ықпалын тигізетініне сенемін,» – деді Болат Өтемұратов атындағы қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.
Жаңа мектеп оқу сыныптарымен қоса рекреациялық аймақтармен, заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен, спорттық және гимнастикалық залдармен, ақпарат орталықпен, зертханамен, шығармашылық студиямен және коворкинг кеңістігімен жабдықталады. Үш қабатты мектептің жалпы аумағы шамамен 12,5 мың шаршы метрді құрайды. Баскетбол, волейбол, мини-футбол алаңдары мен жарыс жолдары бар, жоғары және бастауыш мектеп жасындағы оқушыларға стадион қарастырылған. Ойын және спорт аймақтары полимерлі үгінді негізінде жұмсақ резеңкелі жабынмен жобаланған. Мектеп айналасында көпжылдық шөп гүлзары, жергілікті ағаштар отырғызылады. Кіреберіс аймағы пандустармен, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған тактильдік жолдармен жабдықталады. Мердігер мекеме «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС қызметкерлерінің сөзінше, қазыр мектеп құрылысына 120 жұмысшы жұмылдырылған. Жобаға сай, мектеп құрылысы 2024 жылдың тамызында аяқталып, пайдалануға беріледі.
Ерзат Асыл