Облыста медициналық қызмет көрсететін 69 мекеме бар. Оның
24-і мемлекеттік болса, 45-і жекеменшік аурухана санатында. Аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы қомақты инвестицияны қажет етеді. Тарқатып айтсақ, 40 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысанды күрделі жөндеуден өткізу керек. Сондай-ақ, 34 ауылдық елдімекенде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерін ашу қажет. Ауруханаларды кеңейтіп, олардың қатарын көбейту тұрғындарға консультациялық-диагностикалық көмек көрсету үшін тиімді болмақ. Осы орайда коммуникация қызметінің алаңында қонақ болған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Оңғарсын Байұзақов өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын медициналық мекемелер жайында ақпарат жеткізді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында 5 жобаның жайы қаралып, іске қосылмақ. Өңірімізде 6 ауылда жаңадан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын ашу жолға қойылған. Жалпы жұмыс құны 376 млн теңге инвестицияны қажет етеді. Сондай-ақ, инвестиция көлемі 103 млн теңгені құрайтын бактериологиялық зертхана ашу, Жамбыл ауданында 650 млн теңге қаражат қажет ететін кардиохирургия, офтальмология, неврология және эпилептология орталықтары ашылмақ. Осы орайда Оңғарсын Байұзақов:
– Облыста офтальмологиялық көмек Қарасай және Еңбекшіқазақ. аудандарында ғана көрсетіледі. Ендігі сәтте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қонаев қаласында да офтальмологиялық орталық ашу туралы бастама көтеріліп, іске асыру сатысында тұр. Жоба жүзеге асса, Қонаев қаласы мен шалғай аудан тұрғындарына офтальмологиялық көмек қолжетімді болмақ, – деп айтып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұған дейін бой көтерген ғимараттар тізімін тілге тиек етті.
2020 жылдан бастап өңірімізде сенімгерлік басқару қағидаты бойынша 2 мемлекеттік МЖӘ жобасы жүзеге асырылған. Оның бірі Талғар орталық аудандық ауруханасының сенімгерлік басқармасы болса, екіншісі Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының сенімгерлік басқаруымен МЖӘ жобасы. Екі жобада да мемлекеттік қолдау шарасы медициналық қызметтерді тұтынудың кепілі болып саналады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары үш түрге бөлінеді: 1.Алғашқы медициналық-санитарлық көмек
2.Кеңес беру және диагностикалық қызмет
3.Стационарлық алмастыру және стационарлық көмек. Осы орайда денсаулық сақтау басқармасы жобаның салалық сараптамасын жүргізеді, одан кейін құжаттар конкурстық рәсімдерді өткізу үшін экономика және қаржы бөлімдеріне жіберіледі. Брифинг спикері өңірлердің бөлінуіне байланысты облысымызда жоғары мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің тапшылығы жайында айтып өтіп, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы жұмыстар жайын тілге тиек етті. Ол өз сөзін:
– Бүгінгі таңда Іле ауданында кардиохирургиялық орталық ашудың инвестициялық жобасы бойынша ескі ғимарат қайта жаңғыруда. Ол үшін 1,5 млрд теңге жеке инвестиция құйылған. Сонымен қатар, 65 төсек-орындық гематологиялық орталық ашу, облыстық диагностикалық орталық құру ұсыныстары талқылануда. Ол үшін мемлекет тұтынуға кепілдік береді және жер телімін аукцион арқылы беру мүмкіндігін қарастырады. МЖӘ жобаларын іске асыру кезінде теңестірілген жобалар принципін – мемлекеттік әріптес пен жеке серіктес арасындағы жауапкершілікті, кепілдіктерді, тәуекелдерді және кірістерді өзара тиімді бөлу қағидатын сақтау қажет, – деп жеткізді.
Брифинг спикері денсаулық сақтау инфрақұрылымы айтарлықтай инвестицияны қажет ететінін айтып өтіп, осы орайда инвесторларды облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын құру мен жаңартуға белсенді қатысуға шақырды.
Құралбек СӘБИТОВ