Бүгінгі қазақ қоғамын, әсіресе, Алматы облысының жұртшылығын алаңдатып отырған үлкен мәселе атом электр стансасын салу жайындағы әңгіме болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн», – деді.
Арада бір апта өтпей жатып, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов: «Барлық қажетті дайындық жұмыстарын, соның ішінде сайлаушылар тізімін жасауға, аймақтық сайлау комиссиялары атқаруы тиіс жұмыстарды жоспарлы режимде жүргізуге дайынбыз», – деп мәлімдеді. Соған қарағанда, билік бұл мәселеде референдум өткізуге бел буғаны байқалады.
Қазір еліміздегі қала шаруашылықтарының энергетика, көлік инфрақұрылымдары әбден тозған. Осыдан 80-90 жыл бұрын салынған жылу және электр қуатын өндіретін отандық стансалардың жағдайына назар салсақ, олардың да барлығы дерлік ескірген. Енді қанша жамап-жасқасақ та, салған қаржымыз құмға сіңген судай еш нәтиже бермейтіні айдан анық. Ал Президент жаңа экономикалық жүйеге өтетінімізді мәлімдеді. Енді жаңа өндіріс, жаңа өнеркәсіп өнімдері пайда болуы тиіс. Ол үшін бірінші кезекте электр қуаты қажет. Сол қуат жеткілікті болуы үшін энергия өндіретін әртүрлі стансалар салынуы керек. Солардың бірі – атом электр стансасы.
Бұл жайында экологтар, сарапшылар, менеджерлер не дейді? Атом стансасының пайдасы неде, зияны қандай? Келешекте қуат қалай өндірілетін болады? Осылар жайында бірнеше белгілі тұлғаның пікірлерін беру арқылы қалың оқырманды біраз хабардар еткіміз келеді.
Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу, салмау мәселесі жалпұлттық референдумға шығарылатынын айтты. Бұл өте дұрыс! Өйткені, бұл – биліктің жеке мәселесі емес, «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, бүкіл халық болып шешетін іс.
Мен АЭС-тің қауіпті екенін бұрыннан айтып келемін. Мысалы, Чернобыльде не болғанын бәріміз білеміз. Атом стансасына келгенде ең қауіпті нәрсе – ядролық қалдық. Бұл – бірінші мәселе. Екінші, кез келген атом стансасын суыту керек, оған көп мөлшерде су қажет. Егер суытылмайтын болса, ол өз-өзінен жарылады. Мысалы, автокөлікте суыту жүйесі болмаса ол қызып, қозғалтқышы істен шығады ғой, бұл да сол сияқты. Ал АЭС деген шағын автокөлік емес, ол 5-10 литр сұйықтықпен суымайды. Энергия өндіру үшін қаншама күш керек, өндіріс кезінде стансаны суытпасаң, бәрі жарылады!
Оның үстіне атом стансасын салуға қанша уақыт кетеді?! Өткендегі жиында мен құрылысқа қанша уақыт кететінін сұрадым. Біреу он бес жыл деді. Бұл аз уақыт емес. Оған қоса, стансаны радиация шықпайтындай қауіпсіз етіп салу үшін қанша шикізат кетеді, темір болсын, бетон болсын, басқа болсын. Өйткені, қабырғалары өте қалың етіп салынуы тиіс. Екінші жағынан, кез келген атом стансасының жұмыс істеу мерзімі 35-40 жылдан аспайды, одан кейін жабылуы керек. Сол кезде одан қалған ядролық қалдық мәселесі, оны сақтау, адамдардың өмірі үшін қаупі тағы да алдымыздан шығады.
Қазір Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы көп жерлерде атом стансаларын салып жатыр. Бұл осы елге ақша әкеледі. Сондықтан олар өз технологиясын ұсынып, мамандары мен құрылысшыларын жұмылдырып, атом стансаларын салуға мүдделі. Оның үстіне атом стансалары салынған жерде міндетті түрде әскери база болуы керек. Себебі, ондай маңызды әскери стратегиялық нысанды қорғау қажет. Мысалы, қазір Ресей Запорожье атом стансасын қорғап тұр. Қорғамаса, оны баяғыда-ақ жарар еді, ондай ессіздер жоқ емес. Бұл дегеніңіз, бүкіл Еуропа үшін үлкен қауіп.
Егер «Росатом» бізде АЭС салатын болса, онда олар сол жерде әскери база құрады. Мамандардың бәрі сол жақтан келеді. Жергілікті халық тек еден жуу, аула сыпыру, қақпаны ашып-жабу сияқты қара жұмыстарды атқару үшін ғана тартылуы мүмкін. Өйткені бізде маман жоқ. Олар біздің адамдарымызды тартуға құлықты да емес.
Енді стансаны суыту жайына келсек. Балқаштың өзінің жағдайы қиын, онсыз да жылдан-жылға деңгейі төмендеп, құрып барады. Мен мұны жиырма жылдан бері айтып келемін. Станса салсақ, Балқашты толық өлтіреміз. Зиянын тигізеді. Балқаштың орташа тереңдігі 6-ақ метр. Атом стансасынан шыққан жылы су көлдегі барлық тіршілікті жояды және судың көп мөлшерде буланып, жоғалуына алып келеді.
Қазір Балқашты сақтамасақ, бізге әбден қиын болады. Мысалы, Арал теңізі Алматыдан 2,5 мың шақырым қашықтықта. Бірақ оның табанынан көтерілген тұзды шаңның зияны жылдан-жылға ұлғайып барады. Көзге көрінбейтін, микронмен ғана өлшенетін тұз ұшып келіп, таудағы мұздықтарды ерітіп жатыр. Бүгінге дейін мұздықтардың 44 пайызы еріп кетті. Осылай жалғаса берсе, келешекте Алматыда су болмайды. Жаһандық жылыну салдарынан олар онсыз да еріп барады.
Ал Балқаш бар-жоғы 500 шақырым жерде. Жоңғар Алатауына дейін небәрі 100-ақ шақырым. Балқашта да тұз жетеді. Оны қазір құртып алсақ, бәрі осында келеді. Оның үстіне әлемнің дамыған елдерінің өзі атом электр стансаларынан бас тартып жатыр. Ең бірінші кезекте қауіпсіздік тұрғысынан екені сөзсіз. Жарайды, Чернобыль апаты бұдан 37 жыл бұрын болды. Ал, Жапонияның Фукусимо атом стансасындағы апат салыстырмалы түрде жақында ғана болды емес пе? Бұл елде 6-7 атом стансасы бар. Бірақ оларда басқа мүмкіндік жоқ, шарасыздықтан атом стансаларын салып, пайдаланып отыр. Оның үстіне бұл ел үлкен мұхиттың ортасында орналасқан, жан-жағының бәрі су.
Ал бізде ше? Біз онсыз да су тапшылығын көріп отырмыз. Бұл мәселе келешекте бұдан да күрделене түседі. Сөйтіп отырып, онсыз да жылдан-жылға құрғап бара жатқан кішкентай Балқаш көлінің жағасынан атом стансасын салғымыз келеді. Бұл дұрыс емес!
Марат Бәйділдәұлы, қоғам қайраткері, жазушы-публицист:
– Атом электр стансасының артықшылығы неде? Біріншіден, шикізатты тұтыну деңгейі өте төмен (уран қолданылады), екіншіден, өндірілетін қуаты орасан. Бір АЭС тұтас мегаполисті электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Үшіншіден, жылу электр стансаларына қарағанда, жарақтану деңгейі жоғары. Жетілдіру мүмкіндігі мол. АЭС-тің басты артықшылығы – қолданылатын отын көлемінің аздығы. Мысалы, жылу электр стансаларына тәулігіне екі теміржол тізбегіндей көмір жағылса, ал ВВЭР-1000 (водо-водяной энергетический) реакторының бір энергоблогына шағын ғана уран өзегі жетіп жатыр.
Енді кемшіліктеріне келейік. Біріншіден, атом электр стансасынан ыс пен радиация бөлінеді, су көздері ластанады. Екіншіден, сирек те қымбат уран элементі қолданылады. Үшіншіден, Чернобыль мен Фукусимодағы сияқты, экологиялық апат ықтималдығы зор.
АЭС-тің экологиялық тұрғыдан ұтылатын жері – конденсациялық электр стансалары сияқты жылулықты ластауы. Яғни, турбина конденсаторларын салқындату үшін орасан зор мөлшерде техникалық су қажет. Мұның пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) 35 пайыз ғана. Сондықтан АЭС қасында су қоймасы міндетті түрде болуы керек. Әрі ол техникалық себептерге байланысты электр қуатын өндіру кезінде маневрлық режимде жұмыс істей алмайды.
АЭС орта есеппен 30 жылдай жұмыс істейді. Ең үлкен кемшілігі – оқыс апат болған жағдайда оның салдарын жою қиын әрі ұзақ. Тағы бір күрделі мәселе – пайдалану ресурсы таусылғанда АЭС-ті жою. Бұл шаруаға АЭС-ті салған бюджеттің 20 пайызындай қаражат жұмсалады. Тағы бір ыңғайсыз жері – мұнай бағасы құлдыраса, АЭС-тің бәсекеге қабілеттілігі төмендеп кетеді.
Тағы бір ескеретін жағдай, Құдай оның бетін аулақ қылсын, АЭС-те қоршаған ортаны радиациялық ластау тек бұзылғанда немесе апат туындағанда емес, күнделікті жұмыс кезінде де жүріп жатады. Апатсыз АЭС-тің өзінде атомдық отын циклының барлық кезеңінде уранды өндіру мен тасымалдау, АЭС үшін отын өзекшелерін әзірлеу, пайдалану, жанып болған ядролық отынды сақтау мен қайта өңдеу кезінің бәрінде радиациялық ластану жүріп жатады.
АЭС-тен шыққан «радионуклид цезий – 137» өте қауіпті. Ол адам ағзасына түссе, саркома дертін туғызады. «Стронций – 90» ақ қан (лейкемия) ауруына ұшыратады. «Криптон – 85-тің» аздаған дозасы тері обырымен ауру ықтималдығын арттырады. Ядролық нысандар қызметкерлерінің өзі радиациялық ықпалға көбірек ұшырайды.
Қазақстанда қазір жел, күн сияқты қайталама қуат көздерінен алынатын энергия небәрі 3 пайыз ғана болып тұр. Мамандар егер оның көлемін 15 пайызға жеткізсек, Қазақстанға ешқандай АЭС салудың қажеті болмайды деген сенімді уәж айтады.
Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН, Қазақстан Республикасының 1994-1997 жылдардағы Премьер-министрі:
– Атом электр стансасын салу мәселесі – мәңгілік ауыр пікірталас. Болашақ, бұл – атом электр стансасы. Әрине, біз ең қауіпсіз технология қолданылғанын қалаймыз. Бірақ ешкім аузын ашпай отырған екі мәселе бар. Ұлтымыздың болашағы үшін олар өте маңызды. Біріншісі – станса салынатын орын. Біз Аралдан айрылдық. Егер Балқаштың бойында станса салатын болсақ, онда жақын жылдар ішінде туристік орын ретінде Балқашты да өлтіреміз. Екіншісі қалдыққа толатын бөшкелердің мәселесін шешкен жөн.
Бірақ мен осы жерде аралық шешім ұсынғым келеді. Біз зиянды заттарды шығару деңгейін нөлге түсіру бойынша халықаралық міндеттеме алғанбыз. Меніңше, біз көмірмен емес, одан шығатын зиянды заттармен күресуіміз керек. Егер біз жақын уақытта инвестиция тауып, тым болмағанда екі-үш жерде кемінде әрбірі 5000 мегаваттық ірі стансалар салатын болсақ, онда қандай да бір ілгерілеу болады, ол бізге үзілісті кезеңнен өтіп, энергетиканың келесі сатысымен айналысуға мүмкіндік береді.
Біздің жеріміз кең, егер сіз Балқаштан Оралға дейін электр қуатын жеткізгіңіз келсе, жол бойы оның 45 пайызын жоғалтасыз. Сондықтан біз бүкіл ел көлемінде энергетикалық ошақтар құруымыз керек, Қазақстанның энергетикалық жүйесін біртұтас етіп, оны әртүрлі блэкауттардан қорғауымыз керек. Ең негізгі мәселе – энергетиканы жаңғырту, егер біз мұны жасамасақ, онда бізде ештеңе де болмайды. Әр жылғы қыс сайын қазандықтардағы ақаулармен әлек боламыз. Ал жаңа жұмыс орындары құрылмаса, жастар елден кетеді. Қазір батыста мұнайшылар ереуілдеп жатыр, өйткені мұнай өндіру, сервис қысқарып келеді. Сондықтан шикі мұнайды ғана сату емес, оны қайта өңдеп, басқа дайын өнімдерге айналдыру жағын ойластыру қажет. Әлемдік нарыққа вагондармен, ұшақтармен жеткізілетін өнімдердің түрі орасан. Бұл жерде де қарапайым электр қуаты алдымыздан шығады.
Сондықтан атом стансасы, бұл – келешегіміз екенін түсіну керек. Біз бұдан қашып құтыла алмаймыз, кері жағдайда көштен кейін қаламыз. Мүмкін, бақытымызға орай, оған дейін қазіргіден де қауіпсіз технологиялар пайда болып қаалар. Қалай болғанда да, біз әр күні оларды қайда қоятынымызды, қалай залалсыздандыратынымызды ойлауымыз керек. Ертіс – Қарағанды каналын кеңейтіп, су көлемін көбейту жөнінде де ойланған дұрыс. Су қорларының жайын, су қоймаларын салу жағын да ұмытпаған жөн.
Біз көктемгі еріген қар мен жауын-шашын суын түк пайдаланбаймыз. Сіз Испанияның астанасы жартылай құрғақ аймақта орналасқанын білетін боларсыз, бірақ ол жерде әр төбеде, әр сайда бұлт іркетін арнайы құрылғылар бар. Олар жасанды су қоймаларын салып тастаған және муссондық жаңбырларды жинайды. Сол су тұрмыстық қажеттілікті өтеуге толық жетеді. Біз көмірмен жұмыс істейтін осындай станция туралы ойласақ та болады.
Егер біз қырғыздарға мол қуат өндіретін үлкен станса ұсынсақ, оларды Сырдарияда гидростанса салмауға көндіре аламыз. Қырғыздар бізге ашынғандықтан су мөлшерін шектеп отырған жоқ, оларға да электр қуаты керек, олар да өз елін дамытқысы келеді. Біз олармен кооперациялану турасында ойлануымыз керек. Менің сезуімше, бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының ойында бар. Көп жыл бұрын біз онымен бір делегацияның құрамында болған кезімізде осы жайында әңгімелескенбіз. Мен оның командасында бұл жайт туралы ойлайтын адамдар бар екеніне сенімдімін.
ТҮЙІН
Қалай дегенде де бүгінгі күні әлемнің 31 мемлекетінде 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Оларда 438 энергоблок арзан электр қуатын өндіреді. Жалпы, дүние жүзінде өндірілетін бүкіл электр қуатының 17 пайызы АЭС-тің үлесінде. Ғалымдар мен сарапшылар келешекте көмірсутегі қорларының таусылатыны жайында жиі айта бастады. Сонда әлемдік экономика, адамзат баласы тұтынатын электр қуаты қалай өндірілмек? Әрине, жел мен күннен алынатын қайталама энергия көздерін дамыту бірте-бірте басымдық алар. Бірақ атом стансасын салу мәселесі күн тәртібінен түспесі анық.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ