Өткен демалыс күндері Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінің алдындағы алаңда ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің кезекті жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы көрмеге Алматы облысы мен Жетісу облысы фкермерлері өз шаруашылықтарында өндірілген 400 тоннадан астам азық-түлік тауарларын елорда тұрғындарына ұсынды.
Биыл Астанаға Алматы облысынан автокеруенмен Қонаев қаласы мен облыстың 9 ауданының өкілдері өз тауарларын апарды. Облыс фермерлері жалпы құны 205,7 миллион теңгені құрайтын 186,4 тонна өнім апарды. Оның 22,5 тоннасы – ет, 5,9 тоннасы – сүт, 2,5 тоннасы – балық өнімдері, 22,9 тоннасы – көкөніс, 22 тоннасы – жеміс-жидек, 21,6 тоннасы – картоп, 1,8 тоннасы – бал, 87,2 тоннасы – өзге өнімдер.
Облыс фермерлері жәрмеңкеге Ақши ауылының маңына жиналып, автокеруен болып аттанды. Жыл аунаған сайын жаңа шаруашылықтар қосылып, ассортимент артып келеді. Бүгінгі таңда ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, ұн, жармақ, май және жемістер мен көкөністер, бал, ұлттық сусындар мен басқа да азық-түлік тауарлары 52 аталыммен жіберіліп отыр. Ал акциядан күтілетін түсім мөлшері 200 миллион теңгеден асып түсуге тиіс. Айтпақшы, облыстар жеке отау тіккендерімен, ауылшаруашылығы жәрмеңкесі бөлінген жоқ. Бірлескен сапар дәстүрін өзгеріссіз қалдырды.
– Бұрын біз өз тауарларымызды бір аймақ ретінде ұсынатынбыз, бүгінде екі облыстың – Алматы мен Жетісудың күшін біріктірдік, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Сыдықов.
Әр өңір өз өлкесінде не нәрсеге шебер – сол өнімімен аты шыққан. Атап айтсақ, Балқаш ауданы күрішін, Еңбекшіқазақ ауданы алмаларын, Талғар жеміс-көкөністерін апара жатыр. Облыстық жәрмеңкелер науқаны күз бастала тізгін қаққан еді. Біздің оңтүстік өңір де өз өнімін ұсынып отырған жалғыз өлке емес. Биыл көшті Түркістан облысы бастап, астаналықтар олар апарған қымыз бен шұбатқа лайықты бағасын берген еді. Ал біздің алдымызда ғана Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өткен болатын. Алматы облысы да өзінің сапалы да экологиялық жағынан таза өнімдерімен елді тамсантты.
Жәрмеңкеде қала тұрғындары өнімдерді қолдан-қолға тигізбей сатып алды.
Астанадағы жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан жәрмеңкелер тек тауарды сату орны ғана емес, сонымен қатар, әр өңірдің жергілікті өнімінің сапасы мен алуандығына берілер өзіндік бағаның көрсеткішін де шығаратын жер. Бұл, сондайақ, өндірушілерге, одан әрі дамуда маңызды рөл атқаратын астаналық тұтынушылардың кірпияз талғамына сай, кері байланыс орнатуға да мүмкіндік бермек.