Адамзат өмірінде бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Алты құрлықтың көптеген елінде оны «төртінші билік» деп бағалайтындар да аз емес. Өйткені, от шашып, оқ шығармайтын осы құралдың арқасында соңғы жүз жылда бүкіл әлемнің келбеті айтарлықтай өзгерді. Ақпараттық технологияның дамуы нәтижесінде азаттық, теңдік, әділдік, демократия идеялары ең кенже қалған жабық елдердің өзіне жетіп, қоғам белсенді бола түскені – бүгінгі күннің анық ақиқаты. Қазіргі таңда адамның өмірі ақпаратқа лық толы, тіпті, толық ақпараттан тұрады десек те артық айтқандық болмас. Ал, кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемді билейтіні баяғыдан айтылып жүр.
Заманауи қазақ мемлекеттілігінің іргетасын қалауға өлшеусіз үлес қосып, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов атамыз өткен ғасырдың басында-ақ: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тұжырым жасап еді. Оның үстіне «айтылған сөз – атылған оқ» демекші, мұның журналистерге қандай жауапкершілік жүктейтінін де ұмытпаған жөн!
Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатауға дейінгі алып аймақта, жалпы әлемде болып жатқан жаңалықтарды сол мезетте халыққа жағымды, әсерлі әрі пайдалы болатындай етіп жеткізу әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл ғой жай жаңалық, ал келеңсіз көріністер мен әртүрлі құқықбұзушылықтар жайында ше? Бәріне де Қазақстан Республикасының заңдары мен ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік нормалар, қабылданған халықаралық демократиялық қағидаттар негізінде сауатты да байыпты көзқарас білдіру керек. Ол әрбір журналистен жан-жақты білім мен кәсіптік біліктілікті талап етеді. Осындай жауапты міндетті атқару оңай деймісіз?!
Жалпы, мен журналистерді қоғам өмірінің барлаушысы әрі бағдарлаушысы дер едім. Барлаушы дейтінім, журналистер әрқашан қайнаған өмірдің алғы шебінде жүреді. Жер сілкініп, су тасқыны болып жатса да, өрт шалып, оқ борап жатса да оқиғаның ортасынан соларды көресіз. Тәртіп бұзылып, наразылықтар болып жатса да, басына төнген қатерге қарамай, әрқандай қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, ел үшін қажет елу жол хабар үшін небір тозақтан өтіп, жарды жағалайтын да солар.
Бағдарлаушы дейтінім, жаңалықтарды жариялап, кемшіліктерді көрсетіп қана қоймай, кез келген білікті журналист алған білімі мен жинаған тәжірибесінің арқасында мәселені шешуге қатысты сарапшылар мен өз пікірін түйіндеп, ақпаратты тұтынушы қауымға ой тастайды. Ол үшін мол тәжірибе, ізденіс пен ыждаһаттылық, кәсіпке деген құрмет пен сүйіспеншілік қажет. Ал бұлар өз-өзінен келмейді. Өйткені, «өнер алды – қызыл тіл» десек, көп алдында сөз алып, оқырман қауым мен көрермен көпшілікке айтар сөзіңді ойдағыдай жеткізу оңай шаруа емес!
Сірә, сөз табудың қиындығын қазақ үшін Сырым батырдан асырып айтқан ешкім жоқ шығар! Париж Коммунасынан 70 жыл бұрын қазақ қоғамында билер кеңесін құрып, үлкен демократиялық қадам жасаған әрі батыр, әрі би, әрі шешен атанған Сырым Датұлы: «Ел бастаудың қиыны жоқ, қонатын жерден көл табылады. Қол бастаудың қиыны жоқ, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынын көрмедім», – деген екен. Мұны бүгінгі ғылым да дәлелдеп отыр. Ағылшын ғалымдарының зерттеуі бойынша, шахтерлерден кейінгі ең ауыр еңбек осы журналистердің еңбегі екен. Оған қоғам өмірінің барлық салаларына араласып, ақпарат құралдарының атқаратын үгіт-насихат, ұйымдастырушылық міндеттерін қосыңыз. Ата Заңымыздан бастап, еліміздің заңдары, Президенттің жыл сайынғы халыққа жолдауы, жарлықтары мен басқа да нормативтік құқықтық актілер, Үкіметтің қаулылары, әртүрлі бағдарламалар мен жоба-жоспарларды халқымызға жеткізіп, олардың орындалуына оң ықпал ететін де, ең алдымен, осы журналистер емес пе?!
Ал, осы идеология майданының ең алғы шебінде жүретін сол сарбаздардың еңбекақылары қандай? Жекелеген ұжымдар болмаса, көптеген газет-журналдарда, радио-телеарналарда еңбек ететін әріптестеріміздің жалақылары жолақыларынан әрең асып жығылады. Үш жыл бұрын әлемді коронавирус індеті жайлап, әсіресе, газет-журнал редакцияларында жұмыс істейтін әріптестеріміз онлайн тәртіпке көшкен кезде, көпшілігінің үйіндегі шығармашылық жағдайдың мәз болмағанын білеміз. Кеңес одағы кезінде шығармашылық жұмыспен айналысатын жандарға, егер олар Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі болса, бір бөлме – 15 шаршы метр тұрғын үй алаңы артық берілетін. Жарық көрген кітаптары мен жарияланған мақалалары үшін алатын қаламақысы да мол еді. Сондықтан әрбір жазушы, журналист жақсы шығарма, тартымды мақала жазуға ұмтылатын.
Қазір ше? Қазір мұның бірде-біреуі жоқ деуге болады. Жақсы кітап жазғаныңмен, қаламақы алу былай тұрсын, оны баспадан шығаруға өз қалтаңнан қыруар қаржы кетеді. Кітапты тарату, сатумен де өзің айналысуың керек. Қандай қызық, жұрт елең етерлік мақала жазсаң да, газет-журналдарда қаламақы деген жоқтың қасы. Сын мақаланы ұжымда талқылап, қабылданған шешім жайында хабарлайтын мекеме де қалған жоқ. Бас басылымдар болмаса, бергі жағындағыларға ешкім де пысқырмайды. Сондықтан да болар, ынталылық, уәждеме төмендеп, журналистердің біразын «жазғаныңмен түк шықпайды» деген үмітсіздік билеп алған сыңайлы.
Сонда қазақ журналистикасының теоретиктері, ұлы ұстаздарымыз – марқұм Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеевтер үйреткен «баспасөздің пәрменділігі», оның «төртінші билік» деген мәртебесі қайда? Әлде бүгінгі баспасөз селт еткізер қауқары жоқ пәрменсіз, ештеңеге титтей де әсері жоқ дәрменсіз боп қалды ма?! Жо-оқ! Тек баспасөздің қызметі – мемлекеттік маңызды іс екенін түсіне бермейтін құрылтайшылар мен билік баспалдақтарындағы кейбір шенділер ғана мұның байыбына бара алмай жүр, десек дұрыс болатын шығар.
Адамзат тарихында екі бірдей дүниежүзілік жойқын соғыс болып, үлкен дүмпулер өткен ХХ ғасырдың басында тағы бір Алаш арысы Міржақып Дулатұлы: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» дегенін көзі қарақты қазақтың бәрі біледі. Біз– болашағымызды зор ету тұрғысынан алдымызға ұлы мұрат, үлкен мақсаттар қойған елміз. Бүгінгі қазақ қоғамының алдында ұлттық даму бағытында Мемлекет басшысы алға қойған және бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын – әділетті мемлекет құру, біртұтас ұлт болып қалыптасу, берекелі қоғам орнату сияқты үш бірдей әлеуметтік-саяси үлкен мәселе тұр. Сондай-ақ, ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мұрат тұтқан саяси-экономикалық мақсатымыз бар. Мұның бәріне Міржақып атамыз айтқан мықты баспасөзсіз, бүгінгі тілмен айтқанда, мықты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз жету оңай емес. Ал, БАҚ мықты болуы үшін оған мықты мемлекеттік қолдау, журналистерге мейлінше жағдай жасалуы қажет!
Биліктегі лауазымды адамдар жыл сайын мұғалімдердің, дәрігерлердің, құқық қорғау саласы, әскери қызметшілердің жалақысы 25-30 пайыз көбейіп келе жатқанын жиі-жиі тілдеріне тиек етеді. Ал бірақ журналистердің жалақысы, оларға жасалып жатқан жағдай мен мүмкіндіктер, баспана мәселесі жөнінде айтып жатқаны, оңды өзгеріс болып жатқаны шамалы.
Қазіргі кезде Қазақстанда 3600-ден астам бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Оларда ондаған мың әріптесіміз еңбек етеді. Бірақ, көпшілігінің, әсіресе, жастардың тұрмыс жағдайы мәз емес. Басым бөлігінің басында баспанасы жоқ, онсыз да мардымсыз жалақыға пәтер жалдауға мәжбүр. Көргені мен көкірегіне түйгені мол, тыңдарман мен оқырман қауымға айтары бар жасы ортаға келген жандарға жалақыны азсынып, басқа салаға ауысу да оңай емес. Сондықтан, қалың бұқараны Мемлекет басшысы жүктеген ел алдындағы мақсаттарға жетуге жұмылдырып, ежелден барлық бастамалардың үгітшісі, насихатшысы, тіпті, ұжымдық ұйымдастырушы саналып келген БАҚ қызметкерлеріне еңбекақы, қаламақы төлеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту жағы да естен шықпаса екен!
Мұны еске салатын, тіпті, заң шығару деңгейінде алға ілгерілететін азаматтар да аз емес. Басқасын былай қойғанда, еліміздің ең жоғары Заң шығарушы органы саналатын Парламент Сенаты мен Мәжілісінде Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бәпи, Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы сынды танымал журналистер депутаттық қызмет атқарып отыр. Егер олардың қайбірі журналистердің еңбекақы, қаламақысын көтеру, жеңілдікті ипотекалық несиемен баспаналы болуы жөнінде бастама көтеріп жатса, бұлардың бәрі заң негізінде шешіледі деген сөз.
«Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді» дейді қазақ. Егер журналистердің жоғын еліміздің ақпарат саласы мен бас басылымдарына басшылық еткен, бүгінде халық қалаулысы атанып, халқымызға, қоғамға қажетті заң шығарумен айналысатын өз әріптестеріміз ойламаса, кім ойлайды?! Бұған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мырзалардың да бірден қолдау көрсететіні анық. Өйткені, мықты БАҚ-сыз әділетті мемлекет, берекелі қоғам құрып, дамыған елдердің қатарынан орын алу мүмкін емес!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ