Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты.
10 метрден пневматикалық винтовкадан оқ атудан аралас командалық сайыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле қола жүлдеге ие болды.
Медаль үшін тартыста Қазақстан құрамасының спортшылары Иран командасын 17:11 есебімен жеңді.
Еске салсақ, кеше Никита Чирюкин жылдам атылатын тапаншадан дәлдеу сайысында Азия ойындарының қола медалін жеңіп алған.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Ислам Сатпаев пен Александра Лені құттықтап, олардың жеңісі отандық оқ ату спортының қарқынды дамып келе жатқанына айқын дәлел болатынын айтты.
26 қыркүйек күні ХІХ Азия ойындарында киберспорттан алғашқы медальдар жинағы сарапқа салынады.