Бүгін елордада Үкімет отырысы өтіп, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйіне, азаматтардың денсаулығын сақтауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
«Саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 452 саламатты өмір салты кабинеті, 4608 денсаулық мектебі, темекіге қарсы кабинет және 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілді. Тұтынудың электрондық жүйелерінің (вейптер), олаға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салу бойынша Мәжілісте Заңға өзгерістер енгізу қарастырылды. 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу талқыланды», – деді министр.
Оның айтуынша, елімізде әр бесінші баланың салмағы шамадан артық, ал 11-15 жастағы әр оныншы бала үнемі вейп шегеді.
«Елімізде ересек тұрғындардың 21 пайызы темекі тартады. Балалардың 20 пайызы артық дене салмағынан, ал 6 пайызы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы үнемі вейп шегеді, 7,5 пайызы энергетикалық, тәтті сусындарды ішеді. 15 пайызында артық дене салмағы дерті таралған», – деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше, осыған орай биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысаны пайдалануға беріледі.
«32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастырылады. Ауыл халқының денсаулығын сақтау үшін 1100 медицина қызметкері даярланады. Ауылдық жердегі қолжетімсіздік мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар, соңғы жылдары 250 алғашқы көмек көрсету нысаны салынды», – деді Ажар Ғиният.