Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы бұдан былай Біртұтас білім беру бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі Telegram арнасында хабарлады.
Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы азамат тәрбиелеу мақсатында дайындалып отыр. Бағдарламаға сай, ұлттық мүдде, ар-ұждан, ризашылық, қайырымдылық, ынта-жігер сынды құндылықтар білім беру ошақтарының барлық тәрбие жұмысының мазмұнында көрініс табуы тиіс.
Бұл тұрғыда оқу-тәрбие беру процесінде оқушылардың саулығын қорғау, оларға жеке тұлға ретінде құрмет пен сенім көрсету, құқықтарын қорғауға басымдық берілмек.
Атап өтерлік жайт, білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды тәрбиелеу оқу пәндерінің мазмұны, сынып сағаттары мен іс-шаралар, сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру (үйірмелер, секциялар, факультативтер) арқылы жүзеге асырылмақ.