Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов хабарлады. 2023 жылдың 20 қыркүйегінде Жамбыл ауданының полиция бөліміне Сарыбай би ауылының тұрғыны Қаншеңгел ауылының маңындағы жайылымнан 18 бас ірі қара малын белгісіз біреулердің ұрлап кеткені туралы арызданған.
Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 1-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша аудандық полиция бөлімінде тіркелді.
30 қыркүйек күні жылы жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1996 және 2001 жылы туған екі күдіктіні анықтап, ізін суытпай ұстады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған адамдардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысты бар, жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кету керек, күдіктілердің бірі көрші республиканың азаматы болып шықты. Ұсталғандар заңда белгіленген тәртіппен уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.