Алматы облысындағы «Көкпек-Кеген-Түп» автожолы осы айдың аяғына дейін жөнделеді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Жасұлан Қалтаев мәлімдеді.
Бұған дейін Кеген ауданының әкімдігі ұйымдастырған баспасөз турында Көкпек-Кеген аумағындағы тасжол күрделі жөндеуден өткелі жатқанын, оған жаңа мердігер РСУ-1 мекемесі тартылғаны айтылған. Республикалық маңызы бар «Көкпек-Кеген-Түп» тасжолын жөндеу «Іскерті» ЖШС-не жүктелген болатын. Алайда аталған компания сапасыз қызмет көрсеткендіктен, «ҚазАвтоЖол» АҚ екіжақты келісімшартты бұзып, мердігер компанияны сотқа берді.
«Серіктестік жолды жөндеуге бөлінген қаржыны қайтарып берді. Қазір бұл қызметпен басқа компания айналысады. Олар ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасап, құрылысты қазан айының соңына дейін аяқтауы тиіс. Ал жолды күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленеді», – деді Жасұлан Қалтаев.
Жалпы, Кеген ауданында барлығы 775 шақырым жол бар. Оның ішінде 68 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 32 пайызы жөндеуді қажет етеді.