Алматы облысы бойынша пилоттық режимде ауыл әкімдерін сайлау өткізу үшін Балқаш және Жамбыл аудандары белгіленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Мейрамгүл Айтова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, сайлауды өткізу үшін сайлау округтері құрылып, негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген. Осы уақытқа дейін Жамбыл ауданы бойынша 2, Балқаш ауданы бойынша 6 кандидаттан өтінім келіп түскен.
Қолданыстағы заң бойынша саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екіншісі – өзін-өзі ұсыну. Бұл ретте кандидат сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек. Кандидаттар заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын төлеуі тиіс.
Мейрамгүл Айтова кандидаттарға қойылатын талаптарға да тоқталып өтті. Кандидат жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес.
Сайлау комиссиясының төрайымы сонымен қатар кандидатты тіркеуден бас тартатын жағдайлар мен тіркеу туралы шешімнің күші қандай жағдайда жойылатынын да атап өтті. Оның сөзінше, кандидат ұсыну қағидаларын бұзған және тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған жағдайда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 36-бабында қойылған талаптарға сәйкес келмегенде оны тіркеуден бас тартылады. Бұдан өзге, кандидат тіркелгеннен кейін өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет өкілетін пайдаланған жағдайда, кандидатты ұсынған саяси партия сайлау алдындағы үгітті тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не оның алдындағы күні жүргізгенде тіркеу күші жойылады. Сот кандидаттың немесе оның сенім білдірілген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, оның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді таратқанын анықтаса, сайлаушыларды сатып алу фактілері белгілі болса, декларацияны тапсыру кезінде кандидат немесе оның зайыбында декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің анық еместігі белгілі болса кандидат тіркеуден шығарылады.
Мейрамгүл Айтованың айтуынша, кейде ерікті түрде жеке мәселелерге байлынысты сайлауға қатысудан бас тартатын жағдайлары да болады. Бұл кезде дауыс беруге екі күн қалғанда аумақтық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтініш беріп және саяси партияға немесе кандидатты ұсынған аудан әкіміне хабарлай отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады.
Сайлау алдындағы үгіт-насихатты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулер өткізуі арқылы, баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату, онлайн платформа арқылы жүргізе алады. Ал мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, Қарулы Күштердiң, басқа да әскери құралымдардың қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға, сайлау комиссиясының мүшелерiне, діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Кандидаттар өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін сенiм бiлдiрiлген адамдарын тағайындауына құқылы. Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болу керек және қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі немесе мемлекеттік саяси қызметші болмауы тиіс.
Айта кетейік, облыстық мәслиөхаттың кезектен тыс Х сессиясында қабылданған шешім бойынша аудан әкімдерін сайлау 5 қарашада өтеді.
Гүлзат Байқонысова