Елімізде әрбір алтыншы жұп сәби сүюді армандайды. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы бері 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметін алып, 5 мың нәресте дүниеге келді. Бұл процедуралар МӘМС аясында қаржыландырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ЭКҰ-ға кімдер қатыса алады және оған жолдаманы қалай алады, қайда өтуге болады деген сынды сұрақтарға жауап берді.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған науқастарға арналған. Оған ерлі-зайыптылар қатысады. Олар қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттары белгілеген репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейінгі медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады.
МӘМС аясында ЭКҰ жасайтын клиникалардың тізімін қайдан көруге болады?
Қазір елімізде 19 клиника (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді. Жыл сайын квоталар аймақтарға сәйкес бөлінеді. Астана, Алматы және Шымкент қалалары бұл тізімде көш бастап тұр. Атап айтсақ, МӘМС шеңберінде жұмыс істейтін Алматы қаласындағы 7 клиникада 2 мыңға тарта жасанды ұрықтандыру әдісі жасалды.
Айта кету керек, науқас Қор сайтына кіріп, клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін» батырмасын, әрі қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.
ЭКҰ-ға жолдаманы қалай алады?
Бұл процедура МӘМС аясында тегін жасалады. Соған сай, квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс.
Алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың кеңесіне бару керек. Оған жолдаманы өз емханасындағы гинеколог береді. Қажетті тексеруден өткен соң, науқастың ЭКҰ жасауға көрсеткіштері сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда, жұп кезекке тұрады.
2021 жылдан бері жыл сайын 7 мың ЭКҰ процедура МӘМС есебінен қаржыландырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпаратына сүйенсек, осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, 4 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі жасалды.
Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға қанша қаражат жұмсалады?
Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 млн теңге бөлінеді. Репродуктологтардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. 200-300 мың теңге шығын материалдарын жабуға кетеді. Кейде құны 1 млн теңгеден асып жығылатын мұндай процедураны кез келген отбасының қалтасы көтермейтіні рас. Оған қоса ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жүгініп барып, сәбилі болғандар көп. Ал қазір бұған жұмсалатын шығынды Қор МӘМС есебінен төлейді.
Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін?
Дәрігерлер әйелді медициналық тексеруден өткізгеннен кейін бірнеше мәселені ескереді. Олар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы сынды жағдайларда пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді.