Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ішкі аясат бөлімінің ұйымдастыруымен, «Адам және қоғам» қоғамдық ұйымының қолдауымен діни бірлестік жетекшілерінің отырысы өтті. Аудан әкімі Алтай Досымбаев төрағалық еткен отырысқа көрнекті дін қайраткері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы, мәслихат төрағасы Бекет Ахметов және аудан аумағындағы діни бірлестік жетекшілері қатысты. Ең алдымен аудан әкімі Алтай Машикұлы отырыстың мән-маңызына тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, еліміздің дін саласындағы саясатын тиімді жүргізу – баршамызға ортақ міндет. Осы тұста, жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Елімізде 130-дан аса этнос өкілі мекен етеді, сәйкесінше 18 конфессия жұмыс атқарады. Дегенмен, халқымыздың басым бөлігі дәстүрлі діндерді ұстанғандықтан, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау үнемі күн тәртібінде тұруы керек.
Бүгінгі таңда ауданымызда 54 этностан құралған 300 мыңнан аса тұрғын тату-тәтті тұрып жатыр. Осы орайда, аудан аумағында 8 конфессияның құрамына кіретін 93 діни бірлестік тіркеліп, қолданыстағы заңдарға сәйкес өз жұмыстарын атқарып отыр. Атап айтатын тағы бір үлкен мәселе – аудан аумағында етек жайып жатқан теріс пиғылды діни ағымдардың көбеюі. Аудан тұрғындарын, әсіресе жастарымызды жат ағымдардың кесапатынан сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы мәселе бойынша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, жағымды нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Отырыста баяндама жасаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Ахметов өңіріміздегі діни ахуалға тоқталды. Оның сөзінше, жыл басынан бері 1500-ге жуық тұрғынды қамтыған 38 іс-шара ұйымдастырылған.
– Аудан бойынша деструктивті діни ағым өкілдерінің жабық тізімінде 196 азамат тіркелген. 176 азаматқа профилактикалық оңалту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде сәләфит ағымы бойынша 38 азамат, байсалды немадхалиттер бойынша 26 азамат, онан өзге де жат ағымдағы 2 азамат дәстүрлі ханафи мазхабына оралған. Ауданда орналасқан деструктивті діни ағым өкілдерінің көпшілігі Есік қаласында, Ават, Асы, Рахат, Шелек, Көктөбе, Бәйтерек, Қазақстан, Балтабай ауылдық округтеріне орналасқан. Бүгінде аталған ауылдық округтердің аумағында ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға басымдылық берілген, – деді Дархан Ахметов.
Аталған отырыста көрнекті дін қайраткері Рәтбек қажы Нысанбайұлы да өз ойын ортаға салды. Еліміздің тұңғыш бас мүфтиі дінге бетбұрыс барын, дегенмен исламды əлі де толық түсінбеген жастарды өзге секталар, ағымдар, діндер жарты жолдан бұрып алып бара жатқанын айтты.
– Бұл – жақсылық емес. Қалай да осының алдын алуымыз керек. Зайырлы мемлекеттің де заңы бар. Зайырлы мемлекет екен деп баса көктеп кіре беруге болмайды ғой. Сондықтан, оларды тәртіпке салатын заң болуы керектігін қолдаймын. Миссионерлерден əр қазақ, əуелі өзін, сосын отбасын, ағайын-туысы мен жора-жолдасын сақтауы тиіс. Бізді азғырушылар көп. Сондықтан қазақ халқы өзімізді-өзіміз қорғауға тиіспіз, – деді Рәтбек қажы Нысанбайұлы.
Ауданымыздың діни ахуалының тұрақтылығын сақтауда елеулі еңбек етіп жүрген дін қызметкерлері де аз емес. Жиналыс соңында аудан тұрғындары мен жастарды теріс пиғылды діни ағымдардың зардабынан сақтап, көптеген игі істердің бастамашысы болып, ауданымыздағы діни, мәдени іс-шараларға белсенді қатысып жүрген азаматтарға аудан әкімі арнайы алғыс хаттар табыстады.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы