Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева әлеуметтік желі арқылы баспасөзге жазылу туралы ойын ортаға салып, оны барша әріптестерінің назарына ұсынған еді. Оған Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева үн қосып, бұл маңызды мәселеге мұғалімдердің бейжай қарамау керектігін алға тартты. Бас ұстаздардың баспасөзді қолдағаны ұлт руханиятына арналған жанашырлық пен қайраткерлік.
Жасыратын не бар, бүгінгі таңда газет-журналға ынта азайып бара жатыр. Көзіқарақты жандар бұл құбылысқа жайбарақат қарай алмайды. Оның ұрпақ тәрбиесіне зияны тимесе екен деп тілейді. Гәп осында.
Мынаны ерекше ескерген жөн: баспасөздің бағасы базар нарқымен өлшенбейді. Ол – рухани құндылық. Ұлттық идеологияның тармағы. Газетте жарық көретін материалдар танымыңды тереңдетеді. Оған жылына бір рет жазылған оқырман, он екі ай бойы пайдасын көреді.
Әрине, аузын қу шөппен сүртетіндер кеше де болған, бүгін де бар. Ондайлар қара аспанды төндіргенді жақсы көреді. «Баспасөздің заманы өтті», «газет-журналдың саудасы осымен бітті», ақпараттық кеңістікті ғаламтор жаулап алғалы жатыр», дейді «білгіштер».
Бұл сөз оқуға құлықсыз ағайынның құлағына майдай жағады. Сыныққа сылтау іздегендер үшін таптырмайтын мүмкіндік. Соның салдары шығар, баспасөзге жазылмау «модаға» айнала бастады. Жергілікті жердегі басшылар мен қосшылар да ықпал етуін азайтты. Еркіндіктің не екенін тым қарабайыр, тым ұшқары ұққан жоқпыз ба деп тіксініп қаласың.
Сонда қалай?! Қазақтың болашағы үшін жанын құрбан еткен, соңғы демі қалғанша қараңғылықпен күрескен алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық сөзі қайда қалады?! Оны жарамсыз деп тауып, дұрысты бұрысқа алмастырсақ – обалы кімге?! Сұрақ көп. Оның жауабын табу баршамызға сын.
Шүкір, ұлтымыз күткен сөзді айта алатын «көкірегі сезімді, тілі орамды» азаматтар арамызда бар екен. Солардың бірі –Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева. Қаланың бас ұстазы мәселеге батыл араласты. Әлеуметтік желідегі парақшасында баспасөзге жазылудың не үшін керек екенін ұстаз ретінде, ағартушы ретінде анық ұқтырды. Жанат Тәжиеваның тәжірибе, тәліміне тоқталсақ, көп жайды аңғарамыз. Ағарту саласында қызмет еткеніне 32 жыл. Оның 12 жылында қатардағы мұғалім болған. Көрген-білгенін қорыта келе, қазақ қоғамын, күллі әріптесін ізгілікке үндейді. Мұғалімнің қасиетті мамандық екенін алға тартады. Сондықтан, әрбір ағартушы баспасөзге жазылуда жеке дара үлгі көрсетіп, жақсылықтың жаршысы болуға тиіс. Мұны – ардың ісіне балайды.
Ұстаз жауапкершілігі ешқашан жеңілдеген емес, жеңілдемейді де. Себебі, қазақ қоғамына – өтірік пен өсекке былғанбаған, ақ пен қараны ажырататын, мәдениеті биік, уыздыққа жарыған, Отанын, елін жүрегімен сүйетін, ата-анасын қадірлейтін, сүйегіне таңба түсірмейтін ұлағатты ұрпақ керек. Олардың тәлімгері біржақтан келмейді. Жаңа толқынды өсіретін, шыңдайтын сіз бен біз. Ендеше бейқамдыққа жол жоқ. Жасампаздық мұратқа бағыттайтын үлкен құралдың бірі қолымызда тұр, ол – баспасөз!
Шымкент қаласының бас мұғалімі осындай ой-толғамын бүкпесіз ақтарады.
– Сіздермен бүгін көптен бері жадымда жүрген өзекті ойымды бөліскенді жөн көрдім. Қазіргі таңда ғаламторға шырмалған жастың да, кәрінің де рухани ой-санасының әлсіреп бара жатқандығын көріп келеміз. Қазір кез-келген жастағы адам қалаған бейне жазбасына, түрлі медиа өнімге қол жеткізе алады. Бірақ ой таразысына салып, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, қайсысы шындық екенін ажырату қиынға соғып тұр.
Ғаламтордан күнделікті естіп, біліп, көріп, оқып жатқан жаңалықтардың арасында тексерілмеген, шындыққа жанаспайтын ақпараттар да баршылық. Ғаламтордың пайдалы тұсын алып, керексіз жағына шектеу қойғанымыз дұрыс шығар. Сондықтан бұл ғаламтордың торлаған қауіпті бұлтынан арылу үшін Сіздерді газет-журналдарға жазылуға, яғни рухани азық алуға шақырамын.
Газет-журнал – өміріміздің нағыз айнасы. Онда жазылған әрбір жаңалық, мақала, сараптама қаншама жауапты маманның тексерісінен өтіп, өңделіп, бүтінделіп, сараланып барып жарияланады. Сондықтан газет-журналдың ғаламторға қарағанда салмағы басым, – дейді Жанат Тәжиева.
Бұдан нені байқаймыз? Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы ағартушылық жауапкершілікті терең сезінген және терең сезінуді бәрімізден талап етеді. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екенін білдіреді. Мұғалімдердің күрескерлік күші парасатқа жұмсалғанын қалайды. Ақылды адам баспасөзден қашпайды, есесіне оны ізгі мақсаттарға пайдалануы керек дегенді меңзейді. Себебі, газет – парасат мектебі. Адамды оңға бастап оздыратын да – сөз. Басын айналдырып аздыратын да – сөз. «Сөз түзелді тыңдаушым, сен де түзел» дегенді Абай атамыз әншейін айта салған жоқ. Біздіңше, баспасөзге сөз түзеушілік құрал тұрғысынан да баға бергеніміз абзал. Баспасөз тағлымы – ұлттық менталитетімізді нығайтатын халықтық тәлім.
«Газеттің сөзі – мың күндік» деген тәмсіл бар. Бұл – газет мың күнде де ескірмейді, оны қайталап қарауыңа болады және оқыған сайын ой өрнектерін көкірекке тоқисың дегенді білдірсе керек. «Жақсы сөз – жан азығы». Мерзімі өтпейтін материалдарды қырық жыл сақтап, кәдеге жаратқан адамдарды көрдік. Газет – жаңалықтардың топтамасы ғана емес, күн сайын жаңғырып жататын қазақтың үні. Осыны тұшынбаған ұрпақ көп нәрседен құры қалады. Сана тоқыраса, тоғышарлық төрге шығады. Қарынның қамы үстемдік құрады.
– Бұрын әрбір отбасы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі газет-журналдарды оқуға асығатын. Бұл газет-журналдардағы материалдар ақыл-ой мен парасатқа негізделіп жазылатын. Көп оқитын ұлтқа айналамыз десек өзімізден, балаларымыздан бастауымыз керек. Балаларымыздың уақытын ғаламтордағы әртүрлі қулық-сұмдықты көруге құртқанша, бірауық кітап, газет-журналға көңіл бөлуін қадағалайық. Балаларымыз зерделі, парасатты, иманды, салиқалы, білімді болсын десек, қоғамымызды түзеуде елеулі рөл атқаратын газет-журналдарымыздың мәртебесін көтерейік. Әр отбасы газет-журналға жазылуды өзімізден бастайық.
Әрине, күштеп жаздыру дұрыс емес. Бірақ Президентіміз ұстаздар қауымының айлық-жалақысын жоғары деңгейге көтерген бүгінгі жағдайда халықпен жұмыс істейтін басылымдарға жазылса деймін. Еліміздегі жағдайды, саясатты, өзгерістерді, әлеуметтік ахуалды әрбір ұстаздың біліп отыруы жұмысына оң септігін тигізері анық, – дейді Жанат Тәжиева.
Осы сөйлемдерді оқыған кезде аға буын өкілдерінің өткен өмірін оймен шоласың. Кеңестік билік үстемдік құрған заманда да ұлтжанды азаматтар аянбай алға ұмтылды. Олар жақсылыққа қарай қадам басты. Үміттерін үзбеді. Мәселен, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов секілді қайсар редакторлар қызыл қоғамның баспасөзін қиыннан қиыстыра отырып ұлт мүддесіне пайдаланды. Сол арқылы бұқараның көзін ашты. Рухани мұралары інжу-маржанға айналған ақындар мен жазушылар өзінен-өзі өмір сахнасына шыққан жоқ.
Қариялардың сөзіне құлақ түрсек, талай нәрсеге қанығасың. Сол кездерде әр отбасыда жеке кітапханалар болған екен. Тіпті, қыр жайлаған малшылардың өзі қаржысын баспасөзден аямаған. Ондаған газет-журналға жыл сайын жазылып отырған.
Олар содан кедейленбеді, қайта өмірлік танымдары тереңдеді. Баспасөзбен бірге болған әулеттің ұл-қыздары ұлт мәдениеті мен ұлт әдебиетіне қанығып өсті. Қалыптасқан сол өнегелерді азаттық, теңдікке жеткен бүгінгі таңда неге баяулатып алдық? Әлде оны қалпына келтіру соншалықты қиын ба? Біздіңше, қиын емес. Бәрі қолдан келетін үйреншікті шаруа. «Бір бала бар, әкесінен өте туады» дейді бабаларымыз. Әкесінен өте туған баланың жарқырап төбе көрсеткені керек-ақ. Ондай бала әлемдік технологияны меңгергенімен озар-ау, алайда, тектілігі, ұлтжандылығы әкесінен артық болса қандай жақсы!? Әңгіме Жанат Тәжиеваның жазбасынан шығып отыр ғой. Біз ғана емес, ол материалдармен білікті жандардың талайы танысып үлгеріпті.
Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның ұтымды пікірі әріптесімен толық үндесіп отыр.
– Тасқа қашап жазылған дүниенің ешқашан құны жоғалмайды. Ол біздің тарихымыздан белгілі. Егер оның құны мәңгілік болмаса, сонау Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі жазулар неге соншама ғасыр сақталып қалды?!
Газет пен журнал да сондай. Мәңгілік. Сарғайған парақтардағы сарғайған жазуларды кез келген сәтте тауып алуымызға мүмкіндік бар. Сонау 1870 жылы шыққан «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттері немесе одан кейінгі Алаш азаматтары шығарған «Қазақ», «Айқап» сияқты басылымдар осының дәлелі. Алаш арыстары жазып қалдырған рухани дүниелеріміздің бәрі «тасқа қашалып жазылғандай» күні бүгінге дейін сақталып, өзінің рухани жемісін өскелең ұрпаққа жеткізіп келеді. Бұл да газет пен журналдың құдіретінің арқасы.
Замана көшіне ілесіп, өркениетті қоғамда ақпараттық кеңістік адам ілесе алмайтын шапшаңдықпен қарыштап дамып келеді. Бүгінде газет пен журналдың орнын көбіне интернет-ресурстар басып, халқымыз жан азығы болатын рухани байлықтан қол үзіп бара жатқан қазіргідей алмағайып заманда Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның баспасөзді қолдап жазған жазбасы ағарту саласында жүрген барлық әріптестерімнің жанайқайын дөп басты деп ойлаймын. Әлеуметтік желілер тәуелділіктің үлкен әлеуетіне ие екендігі жасырын емес. Егер болашақ ұрпақтарымыз сол тәуелділікке ұрынса, интернет жоқ кезде психологиялық ауруға шалдығуы да мүмкін екендігі қоғамда алаңдатарлық мәселе болып отыр. Осындай қателіктерге ұрынбас үшін Жанат Тәжиеваның баспасөзді қолдап жазған мақаласын толықтай қолдаймын.
Оның дәлелі қазақ тарихындағы ең алғашқы ұлттық-демократиялық ұйым – «Алаш» партиясының құрылуына да «Қазақ» газеті ұйытқы болды. Алмағайып кезеңде ат төбеліндей елшіл азаматтар «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген ұстанымның төңірегіне топтасып, қалың қазаққа бағдаршам болды. «Алаш» деп атқа қонған ардақтыларымыз ұлы күресті ұлт ағарту ісімен ұштастырды. Газет шығарып, оқулықтар жазды. Отарлық қамытынан қорғалап қалған қазақтың рухын оятып, тілі мен сөзін түзетуге, сол арқылы ұлттың өзін түзетуге талпынды. Арыстардың сөзімен айтсақ, олар «өзіне артылған жүкті жетер жеріне дейін апарды». Қазіргі қоғамдағы қордаланған өзекті мәселелерді шешуде баспасөздің орны әрқашан биік тұратыны сөзсіз, – деді Салтанат Беспаева.
Салтанат Дауыспекқызының айтқан сөздерінің астарына үңілсек, талай нәрсені аңғарамыз. Алаш арыстарының ағарту жолындағы күресінде қайраткерлердің қасында жүрген, олар құрған баспасөзді жан-тәнімен қолдаған мұғалімдер екенін меңзейді. Бүгін де баспасөздің жанашыры мен жаршысы мұғалімдер болуға тиісті. Бұл – өзгермейтін өмір заңдылығы. Бұл – алаш арыстарының аманаты.
Өркениеттер бәсекелескен заманда ең алдымен ұлттық сана ұтылмауы керек. Руханияттың өтпелі кезеңінен жаңа ұрпақты аман-есен алып шығып, арманымыздың сөресіне жеткізсек ерлегеніміз! Ұлттық иммунитеті мықты ел ешкімге дес бермейді. Ендеше күш алатын қуаттың бір қайнар көзі – баспасөз екенін ұмытпасақ болғаны.
Баспасөз – қажеттілік. Сондықтан «керек тастың ауырлығы жоқ». Облыстың бас ұстазы баспасөзге жазылу акциясында мұғалімдердің көш бастағанын қалайды. «Алатау арайына» деген ілтипаты мен құрметін паш етеді.
Міне, журналистік зерттеу барысында қазақ қоғамының ұлттық баспасөзге деген ынты-ықыласының қайтадан арта түскеніне көз жеткізіп қуандық. Оның басты дәлелі жоғарыда айтылған пікірлер. Осыған қатысты әңгімелер аз болмайтын сияқты. Алматы облысы және Шымкент қаласы бас ұстаздарының қайраткерлік пікірлері көпшілік тарапынан жаппай қолдау табады деген сенімдеміз.
Облыстық «Алатау арайы» газетінің аты жаңа болғанымен, заты жаңа емес. 100 жылдық шежірелерден бастау алады. Оны осылай түсінген жөн. Ортақ іске мұғалімдер мен ата-аналар тізе қоса отырып атсалысады деген үміттеміз.
Газет-журналға жазылу – ұлттық сананың жетілуіне үлес қосудың тетігі. Сондықтан өзіңіз үшін, бала-шағаңыз үшін, олардың қазақ қоғамына пайдасы тиетін азамат болып ержетуі үшін баспасөзбен бірге болып, біте қайнасыңыз.
Болат Мәжит