ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Алматы облысына келіп, өңір активімен кездесті. Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы лауазымына тағайындалған Арсен Жақыпов таныстырылды.
Арсен Абзалұлы 1993 жылы дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «құқықтану», ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «өңірлік даму» мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Йорк университетінде оқыған.
Еңбек жолын Талдықорған қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Райымбек ауданы Нарынқол ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының жетекші маманы және мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс басқармасының бас сарапшысы және мемлекеттік органдарда қоғамдық қатысу және ашықтық қағидаттарын дамыту басқармасының басшысы болып еңбек еткен.
Департамент басшылығына дейін Арсен Жақыпов Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Павлодар облысы бойынша өкілдігінің басшысы қызметтерін атқарған.