Қазір елімізде 12 мыңға жуық омарташы бар. Олардың 90 пайызы жеке отбасылық шаруашылық болып саналады. Бұл – өте аз. Омарташылардың санын көбейтсек, экспортты да еселеп арттыруға болады. Жалпы, ара өсіретін шаруашылықтардың 70 пайызы Шығыс Қазақстанда шоғырланса, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында енді дамып келеді.
Омарташылық оңай кәсіп емес. Бір жәшікте сегіз мыңдай ара болады. Ал, маусым уақытында олардың саны 25 мыңға жетеді. Бір маусымда бір жәшіктен 120-150 кг аралығында бал алынады.
Ара – бал жинайтын, қанатты жәндік. Оның 21 мың түрі бар. Ара балы жер бетінде ең ұзақ сақталатын өнім. Шамамен үш мың жыл көлемінде. Тек сақталып қана қоймайды, мыңдаған ауруға ем. Бұл медициналық тұрғыдан дәлелденген. Медицина атасы Ибн Сина: «Жастығыңды сақтағың келсе, жиі бал жеп тұр», – деген екен. Осыданақ балдың қандай пайдалы екенін түсінуге болады. Балдың құрамында түрлі дәрумендер, сондай-ақ 22 түрлі амин қышқылы болады. Жас баланың сүйегін қатайтуға жақсы әсер етеді және қатерлі ісікке де ем болатын қасиеті бар.
Екінің бірі айналыса бермейтін кәсіптің түрі – омарташылық. Осыған орай, Тасашы ауылында ара бағып, бал алып, кәсібінен нәсіп тауып отырған, омарташылықтың бізге беймәлім сырын білмекке, араларының жағдайы, бал өнімі қалай болып жатыр деген сауалдың жауабын іздемекке жас омарташы Игілік Әбдірәсілдің үйіне бардық. Біз ауласына бас сұққанда Игілік омартасының жанында аралармен жұмыс істеу барысында екен. Жұмысына сәттілік тілей отырып, Игілікті әңгімеге тартқан едік.
– Игілік, бұл кәсіпке деген қызығушылыңыз қай кезден басталды? Ара тұқымы туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Араға деген қызығушылығым, яғни, омарташылықпен 2018 жылдан бері айналысып келемін. Бастапқы жылы бес жәшік алып, ақырындап қызығушылықпен үйреніп, қазір 25 жәшікке жеткіздім. Мынау ең соңғы күзгі сүзілетін бал, қазір араларды қысқа дайындап жатырмыз. Тамағын қойып, реттеп, қысқа жатуға аралар ыңғайлануда. Жалғыз аналығы болады, төбесінде өзгеше белгісі бар, қалғаны жұмысшы аралар. Еркек ара шақпайды, патшаны ұрықтандырып қана береді. Күзге қарай жұмысшы аралар еркек араны сыртқа шығарып өлтіріп тастайды. Жұмысшы ара омартадағы ұяшықтан 21 күнде шығады. Жалпы, араның түрлері өте көп. Тұқымы мен тұрқы әркелкі болып келеді. Мәселен, мен өсіріп отырған бал араның тұқымы «Украиналық карпатка» деп аталады. Болашақта аналық араларды ауыстыру керек болып тұр. Шет елдің араларынан аналық араларды алдыру жоспарда бар.
– Бал сүзу процесі қалай жүреді?
– Омартадан балды кесіп, қырып аламыз. Одан соң бал сүзетін арнайы аппаратқа салып, сүзіп аламыз. Содан таза табиғи бал шығады.
– Балдың емдік қасиеті жөнінде айта кетсеңіз?
– Қазір соңғы күзгі бал дайындалуда. Бұл – таза, тау жалбыздың балы. Емдік қасиеті өте жоғары. Ішкі иммунитетті көтереді. Тұмауға қарсы дәрілік қасиеті бар. Аралар прополисті ұяшықтың жиек-жиегіне алып келеді. Бұл да тұмауға қарсы. Қыстың күні тұмау болған кезде, ауызға салып шайнасаңыз болды, тұмауыңыз қайтады. Терлетеді, тіс ауруына да ем. Тіс қуысындағы микробтарды өлтіреді.
– Ара шаруашылығына мемлекеттен қолдау бар ма?
– Бар, бірақ құжат жинауда қиындықтар туындап жатады. Былтыр қайтарымсыз бес миллион теңгеге құжаттар өткізгенмін. Екі құжатым дұрыс болмай, «бас тарту» болып қайтып келді. Алла қаласа, аз күнде құжаттарды реттестіріп, жол жүрмекшімін.
– Жуырда Алматы мен Астана қаласында өткен Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне барып қайттыңыз. Алған әсеріңіз? Балдың нарықтағы бағасы қанша?
– Әсері керемет! Иә, аталған жәрмеңкеге баруыма қолдау көрсеткен аудан әкімі Н.Теңізбаевқа, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ж.Өмірзақовқа және Тасашы ауылының әкімі Е.Төребаевқа алғысым шексіз. Алматы қаласындағы жәрмеңкеге 100 кг бал, ал Астана қаласындағы жәрмеңкеге 200 кг бал апарып, көпшілікке өз өнімдерімізді көрсетіп қайттық. Бір килограмм балдың бағасы – 2500-3000 теңге. Сұраныс бар, жақсы өтті. Тапсырыстар әлі де көптеп түсуде.
Иә, осындай игілікті істің басында жүрген Игілік Әбдірәсілдің омарта шаруашылығына аудан әкімінің орынбасары М.Батырханұлы жаз айында арнайы келіп, қолдау білдіретінін жеткізген. Кәсіпкерлер күні қарсаңында омарташы И.Әбдірәсіл аудан әкімі Н.Теңізбаевтың қабылдауында болып, Алғыс хатпен марапатталған. Қазақта «Араға ерсең, балдан татарсың» деген сөз бар. Бұдан адамның араға еріп кетпейтіні түсінікті. Демек, «еңбекқор бол» дегені болар. Арамызда еңбекқор азаматтар көбейсін дейміз. Ел мен жердің ырыздық-несібесі таусылмасын.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы