ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Алғашқы кезекте мәслихат депутаттарымен кездесу өткізіп, білім саласына қатысты өзекті мәселелерді қозғады.
Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым ашып, өңірде білім саласының дамуына жанжақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді. «Алматы облысының білім ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛАҒАТТЫ ІС сапасын арттырудың 2023-2029 жылдарға арналған аймақтық жол картасы» бекітілгенін, оған сәйкес мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық, қосымша білім беру бағыттарын дамыту жолдары айқындалып, жұмыстар жүріп жатқанын алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған Оқуағарту министрі ел Президенті білім саласындағы басым бағыттарды белгілеп бергенін, ендігі міндет сол бойынша жұмыс істеп, оқу сапасын көтеру екенін айтты. Депутаттармен кездесудегі мақсаты да облыстың білім саласына қатысты ойлары мен ұсыныныс-пікірлерін тыңдау екеніне тоқталды.
Кезегімен сөз алған депутаттар бала қауіпсіздігі бірінші мәселе екенін, осы орайда оқушыларды тасымалдайтын көлік жүргізушілерінің жалақысы 72000-82000 теңге аралығын құрайтынын, мұндай аз жалақыға жүргізуші куәлігін енді алған жастар немесе белгілі бір себептермен жұмыстан шығып қалған адамдар ғана келетінін жеткізді. Сонымен қатар мектептегі техникалық қызметкерлер 60-70 мың теңге айлық алатынын, мұның да аз екенін, білім ошақтарының жөндеу жұмысына ақша бөлінгенімен ол жұмысты жасайтын адамдарға қаражат қарастырылмайтынын, бұл өз кезегінде ата-аналардан ақша жинауға әкеліп тірейтінін айтты.
Халық қалаулылары кейбір мектептерде ыстық тамақ берілетін орынның, спортзалдарының талапқа сай келмейтінін, қосымша білім беру мекемелеріне арналған ғимараттың жоқтығын, ауылды жерлерде балалар медбикесінің жеткіліксіз екенін алға тартты.
Депутаттар сауалына жауап берген министр спортзал мәселесін Мәдениет және спорт министрлігімен келісе отырып, мектепке жақын маңнан спорт нысандарын салу арқылы шешуге болатынын айтты. Ал ыстық тамақпен қамтуға қатысты ойын былайша сабақтады:
– Бұрын еліміз бойынша 7 өңірде бастауыш сынып балалары тегін ыстық тамақпен қамтылатын. Қазіргі таңда Президент тапсырмасымен барлық өңір жеткіншектері, демек, 600000 бала мектепте тегін тамақтанады. Ол үшін қажетті қаражат бөлінді. Алайда ел көлемінде 500 білім ошағында асхана жоқ. Мұның көбі – 10- 20 ғана бала оқитын шалғай ауылдардағы шағын мектептер. Ондай мектептерге буфет ұйымдастыру бойынша тапсырма берілген, – деді Ғани Бектайұлы.
Ал облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева балаларды тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне қатысты мәселе жаңа жылдан бастап шешімін табатынын, өйткені, балаларды тасымалдау ісімен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы айналысатынын, соған сай жүргізушілердің де жалақысы жоғарылайтынын тілге тиек етті.
Бұдан соң, Оқу-ағарту министрі мектеп парламенті өкілдерімен кездесті. Басқосуға келген белсенді оқушылар министрге сауалын қойып, өздерінің қызығушылықтары, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.
Министр оқушыларды жақсы оқып, білім алуға, алдыға мақсат қойып, соған жете білуге, қателік жасаудан қорықпауға, сол қателіктерден сабақ алуға және оны қайталамауға шақырды. Министрдің алдында «Славян базары» байқауының Гран-при иегері Шерхан Арыстан өнер көрсетіп, «Молдабайдың әнін» әуелетті. Министр де өз кезегінде домбыра шертіп, балалармен қосыла ән шырқады.
Ары қарай министр ұстаздар қауымымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Басқосу барысында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева баяндама жасады.
– Облыста білім саласының дамуына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Биыл білім саласының бюджеті 323,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42,5 млрд теңгеге артып отыр.
Білім саласындағы өзекті мәселелерінің бірі – үш ауысымды мектеп. Тұрғындардың тығыз орналасуымен ерекшеленетін облысымызда демографиялық өсім мен ішкі миграцияға байланысты жыл сайын оқушылар саны 13-15 мыңға артып отырады. Жыл басында үш ауысымда 51 мектеп жұмыс істеді. Облыс әкімдігімен үшауысымды оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қадамдық жоспар жасалған. Соның негізінде 16 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 14 мектеп үш ауысымда оқыту мәселесін шешеді.
Бүгінгі күні 9 мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте қолданысқа берілді. Қалған 5 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, 2 мектептің құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде үш ауысымда оқитын мектептердің саны 44 бірлікке дейін азайды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланған. Биыл 26 мектептің құрылысы басталды. Алдағы жылы 27 мектеп салынады. Осылайша, үш ауысымда оқыту мен оқушы орнының тапшылығын толық шешу көзделіп отыр, – деді басқарма басшысы.
Салтанат Дауысбекқызы соңғы 3 жылда білім беру сапасының деңгейі 64,8 пайызды құрап, жүргізілген зерделеу қорытындысы пән мұғалімдерінің пәндік құзыреттілігінің төмен екенін көрсетіп отырғанын жеткізді. Бұл мәселені шешу мақсатында облыс әкімінің қолдауымен «Алматы облысының білім сапасын арттырудың жол картасы» жасалды. Оның аясында «БІЛІМИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп, ауқымды «50 табысты мектеп» жобасын қолға алды. Жоба аясында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының тәжірибелері негізінде педагогтерді кәсіби оқытудан өткізу көзделген. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорымен 50 мектептің 200 кабинетін жаңа заманауи үлгіде жабдықтау бойынша келісімдер жүргізілген.
Жиын барысында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Ержан Жиренбай, Алматы экономикалық колледжінің ди ректоры Қасымбек Жақсыбай, кездесуге қатысқан ұстаздар мен білім саласының ардагерлері сөз алып, өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Кездесуде сөз сөйлеген Ғани Бектайұлы ұрпақ тәрбиесі – ең маңызды іс екенін алға тартып, осы орайда ««Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізіліп жатқанын айта кетті. Облыста ақсақалдар алқасы тәрбиені қолға алып, жастарға бағыт сілтеу қажеттігіне тоқталды. Бүгінде атааналар балаларымен қалай қарым-қатынас жасауды білмейтінін, осыған орай атааналарға психологиялық көмек көрсету жағы да қолға алынып жатқанын айтты. Жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жауапты облыс ұстаздарына зор сенім артып, үлкен жауапкершілік жүктеді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым іссапармен келген Ғани Бектайұлына алғысын жеткізіп, жұмысына жеміс тіледі.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы