Алматы облысының шалғай ауылдарындағы 10 мектеп SpaceX компаниясының Starlink интернет байланысына қосылды. Бұған дейін ол мектептерде интернет байланысы мүлдем нашар болған.
«Хабар 24» телеарнасына сұхбат берген Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, 10 мектеп Starlink спутниктер желісі тарататын интернетке Астанада өткен Digital Bridge 2023 халықаралық форумына екі күн қалғанда қосылған. Бір кездері бұл мектептерде небәрі жылдамдығы 4 Мбит/с қана жететін интернет болған. Starlink желісінің интернет жылдамдығы 100 Мбит/с жетеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Президенті таяу уақытта 2000 мектепті осы интернет желісіне қосуды мақұлдаған.
«Бұл білім беру саласында цифрлық трансформацияға негіз бола алады. Себебі дәл осы интернетке қосылмаған мектептерде білім беруде жаңашылдық, инновация енгізу өте қиын», – деді Мусин.
Бұған дейін Digital Bridge 2023 форумы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев SpaceX компаниясының вице-президенті Лорен Дрейермен кездесіп, Starlink интернетіне қосылу мәселелерін талқылаған. Илон Маск басқаратын компания өкілі Мемлекет басшысымен Қазақстанда Starlink интернет байланысын кеңінен тарату жоспарын, оның ішінде шалғайдағы ауылдарды спутниктік интернетпен қамту жобасын бөліскен.