Алматы облысында адам ағзаларын сату және сатып алумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы policia.kz порталы хабарлады.
Ресми мәліметке сүйенсек, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері 22 күдіктіні құрықтады. Олардың арасында ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариус, донорлар мен ағзаны сатып алушылар бар.
Күдіктілер реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды рәсімдеу және ішкі органдарды трансплантация жасау операцияларын ұйымдастыру міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен.
Ағзаға мұқтаж адамдармен келісім сомасы 6-10 миллион теңге мөлшерінде болған. Осындай 8 фактінің дерегі анықталды.
«Үш негізгі ұйымдастырушы қамауға алынды. Іздестіру шараларының нәтижелері бойынша күдіктілерден ақша, құжаттама, цифрлық тасымалдағыштар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін алып-сатуға тыйым салынады.
ҚР ҚК-нің 116-бабы бойынша («Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою») сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген полиция мәліметінде.