Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласының халқымен кездесіп, биылғы жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көсеткіштері мен шаһардың Бас жоспары, оның аясында келешекте қандай жұмыстар атқарылатыны туралы баяндады.
«Облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Сондай-ақ 2 қыркүйекте Қонаевтың Бас жоспары бекітілді. Жоспарға сай, жаңа шаһардың аумағы 19 мың гектарды қамтиды. Халық саны 2050 жылға қарай 200 мыңға жетеді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысының сөзінше, негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. Жақында жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін, 5 жылға есептелген қаланы дамытудың Кешенді жоспары қабылданады.
Ал 2-ші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық мақсаттағы нысандар салынады.
Бүгінде шаһар маңындағы саяжайлардың да болашағы белгілі болған. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Бас жоспарға сәйкес, 6 мың адам тұратын 9 саяжай алабы қала шекарасына енгізілді. Олардың орнына көпқабатты ғимараттар салынады.
Аталғандардан басқа, аймақ басшысы облыста құрылыс нысандарын салуға талап күшейтілгенін атап өтті. Мысалы, Қонаевта салынып жатқан 10 көпқабатты үйдің жетеуінің жобасы толықтыруға жіберілген. Оларға қасбетіне, абаттандыруға, автотұраққа байланысты ескертулер берілген.