Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды бірге құру жөніндегі халыққа Үндеуіне сәйкес соңғы жылдары елімізде бірқатар тарихи шешімдер жүзеге асырылып жатыр. Мұндай қадамдар әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы өзгерістердің уақыты келгенін көрсеткен еді. Ал 2022 жылдан бастап Республика күнін қайтаруды ұсынып, оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Онысы халқымыздың қуана құптауына ие болғаны белгілі.
Біз Президентіміздің барлық бастамаларын жете ұғынып, бәріміз де оған жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Елімізде Республика күні мерекесінің қайтарылуы азаматтарымыздың отансүйгіштік сезімін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Себебі мемлекеттік маңызы үлкен мерекелерде Қазақстанның мәртебесі асқақтай түсетін әр түрлі іс-шаралар өткізіледі. Мемлекет басшысының елімізді қуатты мемлекетке айналдыру мақсатындағы барлық байыпты бастамаларын қолдаймын. Барша отандастарымды еліміздегі айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Еліміздің береке-бірлігі бекемдене түссін! Бәріміздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның болашағы зор болсын!
Әскербек Абаев,
Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы