1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданғаны белгілі. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Өйткені, онда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар нақтыланып, Ата Заңымызды құруға басқан алғашқы үлкен қадамдардың бірі болды. Осы декларацияның арқасында еліміз өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Халқымыз үшін аса маңызды бұл күн 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша бірнеше жыл 25 қазан – Республика күні ретінде тойланған жоқ. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысының бастамасы халықтың қолдауына ие болып, заңға тиісті өзгеріс енгізілген соң, Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін қайта тойлай бастады. Бұл ретте Президент: «Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деген еді.
Шындығында, 25 қазанда тойланатын Республика күні – ата-бабамыздың арманын ақиқатқа айналдырған, ерлік пен елдіктің, егемендік пен тұғырлы тәуелсіздіктің нышаны болған ерекше күн. Демек, 25 қазанның ел тарихында алар орны ерекше. Бұл датаның маңызы ескеріле отырып, «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы болашағымыз – жастардың тарихимызды танып өсуі үшін жасалған үлкен іс деп ойлаймын.
Ерік Абитов,
Алматы облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқық тәртібі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясысының төрағасы