Алматы облысындағы Саты ауылы БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының (БҰҰДТҰ) 2023 жылғы ең үздік туристік ауылдарының тізіміне енді. Халықаралық ұйым жариялаған конкурсқа қатысуға биыл әлемнің ондаған елінен 260-қа жуық ауылынан өтініш түсіп, олардың 54-і биылғы әлемнің ең үздік туристік ауылдары деп танылған. Бұған қоса тағы 20 ауыл «Жаңарту бағдарламасына» қатысуға іріктеп алынған.
Ұйымның аталған тізіміне ауылдық аймақтарды көркейту, өңір ландшафтын, мәдени әралуандықты, жергілікті құндылықтар мен аспаздық дәстүрді сақтауда үлгі көрсетіп отырған ауылдар енген.
«Әлемдегі ең үздік туристік ауыл» жобасы Дүниежүзілік туризм ұйымының 2021 жылы «Туризм – ауылдың дамуы үшін» бағдарламасы аясында басталған. Бағдарлама туризм арқылы ауылды аймақтарды дамытуды жеделдету, ауыл халқының қалаға көшу үрдісін баяулату, ауылды елдімекендерде инновациялық бастамаларды қолдау және орнықты дамуына жол ашуды көздейді.
Халықаралық ұйым үздік ауылдарды таңдағанда елдімекендегі мәдени және табиғи ресурстар, оларды сақтау мен туристерге ұсыну әлеуеті, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан орнықты даму көрсеткіштерін назарға алған. Сонымен қатар үміткер ауылдағы туризмнің дамуы және оның толық циклді салаға айналуы, туризм саласын басқару мен оған басымдық беру, инфрақұрылымы, туристердің денсаулығын сақтау мен қауіпсіздігіне қаншалықты жағдай жасалғаны да ескерілген.
Өзбекстанның Самарқанд облысында өткен ДТҰ Бас Ассамблеясының жиынында сөйлеген ұйым бас хатшысы Зураб Пололикашвили туризмнің ауылды аймақтарды орталықпен жалғап қана қоймай, тұтас өңірге пайда әкелу әлеуеті қор екенін айтты. «Бұл бастама туризмді даму мен көркеюдің қозғаушы күші ретінде пайдалана алған ауылдарды марапаттау мақсатында қолға алынып отыр», – деді ДТҰ Бас хатшысы.
Тізімге Орталық Азия елдері арасынан Өзбекстанның Сентоб ауылы енген.