Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аясында Алматы облысы орталығындағы көпсалалы ауруханада жыл басынан бері 400-ге жуық ота жасалды. Жуырда иық артериясы диагнозымен Қонаев қаласының тұрғыны Асан Досымбековке операция жасалыпты. Мамандардың айтуынша, бұл күрделі әрі өте қымбат ем. Науқас осыдан бір апта бұрын ауруханаға түскен. Иық артериясы диагнозы қойылып, шұғыл түрде қолына ота жасалыпты.
«2020 жылдан бері қолым мазалап жүрді. Саусақтарым ауырды, бірақ мән бермедім. Нәтижесінде, ауруымды асқындырып алдым. Көпшілікке денсаулыққа бей-жай қарамаңыздар дер едім. Дәрігерлердің көмегімен аман қалдым. МӘМС қорына жарна төлеп тұрамын. Соның нәтижесінде қымбат ота маған тегін жасалды», – дейді қоневтық Асан Досымбеков.
Отаны жасаған дәрігер-хирург Айдос Қизатовтың 7 жылдан астам еңбек өтілі бар. Айтуынша, кемінде күн сайын 2-3 отаға қатысады. МӘМС көмегімен тұрғындар көбінесе қымбат медициналық қызметті тегін алады.
«Мұндай аурулардың туындау себептері әртүрлі. Сондықтан ауру белгілері байқалғанда дер кезінде ауруханаға қаралған жөн. Осы аптада хирургия бөлімінде тағы бір күрделі операция жасалыпты. Науқастың өт, бауыр жолдары тастан тазартылды», -дейді ақ халатты азамат.
Жалпы Қонаев қаласындағы көпсалалы ауруханада 10-нан астам дәрігер-хирург қызмет етеді. Қатарында жас мамандар да бар. Дәрігерлер үшін бар жағдай жасалған. Соның арқасында жылына 2-3 рет шетелдерге тәжірибе жинақтауға жіберіледі. Осыған дейін Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Ресейге барып, біліктіліктерін арттырған.