Бүгін Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Республика күніне орай салтанатты шара өтіп, өңірдегі еңбек ардагерлері марапатталды. Салтанатты шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ең алдымен тұрғындарды мерекеге орай құттықтап, Республика күнінің маңыздылығына тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықпен қайта қауышқан бұл мейрам биыл екінші рет тойланып отыр. 1990 жылдың 25 қазаны – еркіндікті аңсаған, биік рухты, өр намысты ата-бабамыздың асыл арманы орындалған тарихи күн. Татулықты ту еткен еліміздің бағындырған белестері, алған асулары көп. Бүгінде Қазақстан – еңсесі биік, экономикасы өрлеген, әлеуеті артқан заманауи мемлекет», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Мерекелік шарада облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бейнеролик көрсетілді. Әкімнің сөзінше, былтырдан бері қайта түлеген өңіріміздің ел қуатын еселеуде орны ерекше.
– Алматы облысы еліміздің қуатын арттыруда ерекше орын алады. Отандық экономикалық зерттеулер институты біздің бастамамызға сәйкес Алматы облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірледі. Қонаев қаласының бас жоспары биыл бекітілді, ал келесі жылы облыс орталығының Жаңа Іле алаңында құрылыс жұмыстары басталады. Онда академиялық қалашық, театр, мұражай, кітапхана, көпсалалы клиникалық аурухана, спорт кешені, шығармашылық орталық, теміржол вокзалы, Ботаникалық бақ және абаттандырылған жағалау салынады. Қонаев қаласының аумағы да белсенді дамып келеді. “G4 City” жобасын іске асыру оны жаңа деңгейге көтерді. Алматы агломерациясының дамуына және жалпы өңірдің өркендеуіне үлкен серпін береді. Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, оң баға берді. Алматы облысының дамуы Мемлекет басшысының назарында. Бұл біз үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік!- деді өңір басшысы.
Салтанатты жиын барысында Мемлекеттік наградалар, медальдар және облыстың «Құрметті азаматы» атақтары табысталды. Мемлекеттік наградаға 34 адам, «Құрметті азамат» атағына 4 адам, Қазақстан халқы Ассамблеясының медальдары мен «Құрмет» грамотасына 9 адам ие болды. Ұлттық экономика министрлігінің «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі 2 адамға берілді.