«Ауылына қарап, азаматын таны» – деген сөз бар. Ауылдың әлеуметтік жағдайы, тәртібі, барлығы ер азматтардың мойнында. Кейде осыны естен шығарып аламыз. Жауапкершіліктен қашып, көптеген мәселелерді ары сырып қоямыз. Ер азаматтан үлкен жауапкершілік талап етіледі. Оған артылатын аманаттың, жүктелетін міндеттің салмағы қашан да ауыр. Әсіресе, халықпен біте қайнасып, күнделікті арасында жүретін болсаң міндет екі еселенеді. Осы бір аманатты абыроймен арқалап жүрген Іле ауданы, Өтеген батыр ауылының жанашыры, «Аманат» партиясының «Энергетик» Бастауыш партия ұйымының төрағасы, облыстық және аудандық саяси кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Нұрлан Лесұлы Түймелиев жақсы түсінеді. Жалпы Іле ауданының «Құрметті азаматы», Ауған соғысының ардагері, ол кісіні өңірде білмейтіндер жоқ десек, қателесе қоймаймыз. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы жеке кәсібін дөңгелетіп, тіршілігін алға жылжытып отырған Нұрлан ағамыз ең алдымен жүрегінің кеңдігімен, қолының ашықтығымен, қайырымдылығымен көзге түскен жан. Республика күніне орай Нұрлан Лесұлын кездесуге шақырып, әңгімеге тартқан едік.
– Нұрлан Лесұлы, сіз үшін ер азаматтың туған жеріне деген махаббатын қалай сездіруі керек? Ел алдындағы атқаратын міндеті қандай?
– Жаратушы маңдайыңа елдің алдында көш бастап жүруің үшін ер қылып жаратқан екен онда туған жеріңді гүлдетуге міндеттісің. Ол жай ғана нәрсе емес, үлкен жауапкершілік жүктейді. Кез келген атқаратын міндетіңе шын ықыласыңмен келу керек. Ең алдымен Отансүйгіш, халықшыл болу керек. Қай кезде болмасын халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, құқығын қорғай білген жөн. Өйткені, саған сеніп аманатын артады. Ал, аманатқа адалдық таныт. Тұлабойыңда – адам бағасының өлшемі болып табылатын шыншылдық, айнымастық, турашылдық, мәрттік сияқты асыл қасиеттердің жиынтығын ұшастыра біл. Кезінде Абай атамыз «Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық білуге», – деп айтқанындай ең алдымен халықтың алдында адал болу керек.
– Жақында ғана «Энергетик» Бастауыш партия ұйымының төрағасы болып сайландыңыз, ең алғаш атқарған жұмысыңыз туралы айтып кетсеңіз?
– Кейбіреулер мен басын біріктіріп отырған бастауыш партия ұйымын тек қайырымдылық жасаушы адамдар деп түсінуі мүмкін. Мен өзім кезінде депутат болмай тұрып-ақ бұрыннан қайырымдылық шараларына белсене қатысып келемін. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру менің азаматтық ұстанымым. Дей тұрғанмен депутаттардың, өзіміздің «Аманат» партиясының филиалымен жұмыс істей бастағалы тіпті жағдайы жақсы адамдардың менен қаржылай көмек алғысы келетіндігі басында таңқалдырды. Олармен әңгімелесіп ол қайырымдылық қор емес, оның бұқара мен биліктің арасындағы көпір, халықтың жанайқайын жеткізуші дәнекер ұйым екенін түсіндіргеннен кейін көзқарастары өзгерді. Ал, енді ең алғашқы атқарған жұмысыма келетін болсам, Қарттар күні, Дүниежүзілік денсаулық күні, Ұстаздар күні сияқты атаулы даталардың барлығына қаржылай және материалдық көмек көрсетіп, ауыл азаматтарының басын жиі қосып отырамын. Осы сәтте ауылдың көптеген мәселелерін жиындарымызда шешіп аламыз. Ондағы ауылдың ішіндегі жол сапасы, жарықтандыру, ауызсу мәселелерімен қоса тағы басқа түйіткілдермізді шешеміз.
– Жаңа бір сөзіңізде қайырымдылық шараларына белсене қатысамын деп айтып қалдыңыз. Бұл сіздің дәулетіңіздің тасығанынан елдің көзіне түсу ме, жоқ әлде жомарттығыңыздан ба?
– Мен көп балалы отбасында тәрбиелендім. Біз үйде 11 ағайынды болдық. Әкем ауылдың шағын дүкенінде сатушы болды. Сонда әкем Лес жағдайы төмен отбасыларының балаларына шамасы келгенше көмектесіп тұратын. Анам Захира да қолындағысын ешкімнен аямайтын жомарт жан болды. Бізді де соған үйретті. Мен кәсіпкерлікпен айналысқалы мүгедектерге, жалғызбасты қарттар мен аналарға, ардагерлерге, тұрмысы төмен жандарға қайырымдылық көмегін жасап келемін. Мүгедектер мен ауған соғысы ардагерлерінің жеке қайырымдылық қоры осы мақсатта құрылған. Мұның сыртында аптасына жоқ дегенде 7-8 адамды жеке дәмханамызда тегін тамақтандырамын. Тіптен адасып жүріп дәмханаға кіріп кеткен адамдарды да сыйлап жібереміз. Жақында ғана жасы егде тартқан, аяғы ауыратын анамыз «Казақтелекомның» қайда орналасқанын сұрап, дәмханаға кіріпті. Көшеде жөн сұраған адамдар білмейміз деп айтқан соң амалсыз дәмханаға кірдім, – дейді. Өзінің шаршап тұрғандығы білініп тұр. Денсаулығы да мәз емес сияқты. «Апа, асықпай дем алыңыз», — деп, дастарханға шақырып, тамақ, шәй бердік. Содан соң көлігіммен апаны іздеген жеріне апарып салдым. Мұндай жағдайлар менде жиі болып тұрады. Халыққа жақсылық жасағаннан табысым азайып қалмайды ғой, керісінше алғыс арқалап, көңілім көтеріледі емес пе.
– Мамандығыңыз заңгер екенін білеміз, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
-Мен жоғары білімді заңгермін. Институт бітірген соң 10 жыл ішкі істер саласында қызмет атқардым. Алайда, нарықтық экономика алғаш төрімізге шыққан жылы, айлап жалақы алмай, қиналдық. Бала-шағаны асырау керек болды. Содан сауда саласына кеттім. Бастапқыда азық-түлікті базарда сатып жүріп, тамшыдан теңіз дегендей, шағын дүкен аштым. Сөйтіп, ақырындап, табысты молайтып, дәмхана ашуға мүмкіндік туды. Жұбайым Гүлмира екеуміздің кәсіпкерлікпен айналысқанымызға 30 жыл болды. Яғни, біз еліміз тәуелсіздік алған жылдары кәсіпкерлікті бастадық. Шүкір, үш баламызды оқытып, қатарға қостық. Ұлымыз Арман мен қызымыз Ақбота өз мамандықтары бойынша еңбек етеді. Барлығы жоғары білімді. Кенже ұлымыз Жандос «Гүлдер» дәмханасының жұмысын жүргізеді. Құдай берген оншақты немереміз бар. Осылайша кәсібімізді дөңгелетіп, өзімізге тиісті нәсібімізді теріп жеп жүрген жайымыз бар. Өзіміздің қажетімізден артылған табысымызды ретіне қарай қайырымдылық шарасына жұмсаймыз. «Қайырымдылық – сауапты іс», – деп атам қазақ бекер айтпаған ғой.
– Республика күніне арнаған ізгі тілегіңізді жолдай кетсеңіз болады
– Республика күні мен үшін мемлекеттік мерекелердің ішіндегі ең бірінші сатысында тұр. 1990 жылы көк туымызды желбіретіп, бүкіл әлемге тәуелсізбіз деп жариялағанда мен қара табан ауылдың жігіті едім. Алғашқы жылы біздің мемлекетке және оның азаматтарына оңай болған жоқ. Бірақ қазақы рух пен қанымызға сіңген қайсарлығымыздың нәтижесінде өстік, өндік. Бір орында тоқтап қалмадық. Жылдан жылға даму қарқынын арттырдық. Әлі де болса алдымызда алар асуларымыз бар. Өз атымнан барлық қазақстандықтарды айтулы меремен шын жүректен құттықтаймын. Республикамыз жанданып, жарқырап өсе берсін. Мереке құтты болсын!
– Уақытыңызды бөліп, бізбен сыр бөліскеніңізге рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы