Республика күні қарсаңында Талғар ауданындағы Кеңдала ауылында кітапхана ашылды. Игі іске аудандық орталық кітапхана ұжымы мен ауыл ақсақалдары бастамашы болды.
Ауылдық округтің кеңсесінде өткен шараны Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева ашып, жиналған жергілікті тұрғындар мен әкімдік өкілдерін, ақсақалдар, жазушы, журналистерді Республика күні мерекесімен құттықтады. «Дәулеттінің қос қонағы бір келеді» дегендей, ол сондай-ақ ауыл тұрғындарын жаңа кітапхананың ашылуымен де құттықтап, рухани байлықтың адам мен қоғам өміріндегі маңызын, әсіресе қазіргі заманда кітапханалардың алатын орнын ерекше атап өтті.
«Үлкен әдеби қор, рухани байлық жинақталған кітапхана қай заманда да білім қоймасы саналған. Қазір де кітапты қолыңмен ұстау, сүйсіне оқу – ғаламтордан оқығаннан анағұрлым жақсы және маңызды. Мынадай интернет технология дамыған заманда да адамдар кітапханаларға барып, өздері таңдаған шығармаларды тікелей кітаптан оқиды және өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі болады деп сенемін», – деді Ф.Бегенбаева.
Жиналған жұртты Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов та құттықтап, бұл білім қоймасының ашылуына кеңседен арнайы бөлме бөліп берген атқарушы билік те өзіндік үлес қосқанын айтты. Шараға қатысқан танымал кітаптардың авторлары, ақындар мен журналистер де ауыл халқын жергілікті кітапхананың ашылуы және ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі тілек-ниеттерін жеткізді.
Ауыл әкімдігінің кеңсесінде, қоғамдық көлік көп жүретін, көпшіліктің келіп-кетуіне ыңғайлы жерде орналасқан кітапхананың ашылу салтанатына орай қызыл лентаны қию құрметіне Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ақын Бексұлтан Көлбаев пен Аналар кеңесінің төрайымы Күләйхан Ақбұйымова ие болды. Қызыл лента қиылған соң, әрбір жаңалыққа қуанып, көпшілікке жұғысты болуын тілейтін ұлттық дәстүрімізге сай шашу шашылды. Шара қатысушыларына аудандық кітапхананың кітап қорынан сыйға тартылған және осы өңірде туған жергілікті ақын-жазушылар – Тұрсынбек Жалғасбаев пен Кәмнұр Тәліпұлының кітаптары көрсетілді.
Сондай-ақ, жаңа кітапхана сөресінен биыл 175 жылдығы тойланатын Шәкәрім Құдайбердіұлының, жуырда ғана 100 жылдығы атап өтілген Кемел Тоқаевтың, Бақтыбай ақын, Төлен Әбдік, Дүйсен Шоқановтың кітаптары орын алғанын да айта кеткен жөн.
Шара барысында журналист Жексен Алпартегінің «Ғасыр-Таразы» кітабының тұсауы кесіліп, игі істің соңы ауыл өнерпаздарының концертіне ұласты.
– Кітабымның тұсаукесері Кеңдала ауылындағы жаңа кітапхананың ашылуымен сәйкес келді. Өз басым бұл шараны ұйымдастырған ауыл әкімшілігіне және кітапхана ұжымына шексіз ризашылығымды білдіріп, жаңа кітапхана ауыл тұрғындарының рухани байлыққа кенелетін құтты орынға айналуына тілектестік білдіремін. Сонымен бірге кітапханашылар мерекесімен қызу құттықтап, алдағы жұмыстарына толайым табыс тілеймін, – дейді ардагер журналист.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы