Егер көлігіңізді сатуды ұйғарып, тіпті сатып алушыны да тауып қойсаңыз, автокөлікті Egov порталы арқылы онлайн қайта рәсімдеңіз. Бұл қызмет порталда «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру» деп аталады. Қызметті тапқаннан кейін келесі қадамдарды ретімен орындау керек:
Порталда авторизациядан өтіп, қызметке онлайн тапсырыс бересіз.
Сұранымды толтырып, сатып алушының ЖСН-ын көрсетесіз.
ЭЦҚ көмегімен сұрауға қол қоясыз.
Сатып алушының растауын аласыз.
Жеке кабинетте қызмет көрсету нәтижесімен танысасыз.
Ал сатып алушы адам өз кезегінде Egov порталына кіріп, барлығын растап, мемлекеттік бажды төлейді.
Сұранымға келісім беру үшін сатып алушының ЭЦҚ-сы болуы қажет. Содан кейін ол мемлекеттік нөмірді таңдап, порталда мемлекеттік баж салығын төлейді. Қызмет көрсету уақыты – 1 сағат.
Барлық талап орындалғаннан кейін сатып алушы мамандандырылған ХҚО-ға баруы керек. Өзімен бірге ол мемлекеттік баж төлеу және жинау туралы түбіртекті, көлік құралын тіркеу актісін, мәміленің электрондық нысан құжатын, сондай-ақ ескі нөмірлер мен техпаспортты ала баруы тиіс. Егер барлық құжат дұрыс болса, сатып алушы автокөлікті тіркеу туралы куәлікті және жаңа нөмірлік белгілерді алады.