Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Кеген ауданының тұрғындарымен есептік кездесуі Жалаңаш ауылында өтті. Кездесуге облыстық, аудандық мекеме басшылары мен мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен аудан тұрғындары қатысты.
Әуелгіде облыс басшысы жергілікті шаруа қожалық иелері мен тұрғындарды қабылдап, талап-тілегін, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Аймақ басшысы күрмеуі қиын мәселелер жедел түрде шешімін табатынын айтып, жауапты сала мамандарына арнайы тапсырмалар берді.
Жиында алғашқы болып сөз алған Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Әріп Сыбанбаев жер мәселесін көтерсе, жеке қожалық иесі Ерғали Сәкенов қыстауға баратын ауызсу жүйесінің ескіргенін тілге тиек етті. Торайғыр, Қопалы қыстауларына баратын ескі су құбырларын жөндеу үшін сметалық құжатын қайта қарау жөнінде ұсынысын жеткізді. Шаруашылық басшысы Болат Баймолдаев жаз маусымында өзінің егістік алқабына зиянкестердің қаптап кеткені және онымен күрес жөнінде өз ойын облыс басшысына баяндап берді. Қожалық иелігінде 20 га егістік, 26 га көпжылдық жері бар, үкіметтік қолдау арқылы жеті тонна жеңілдетілген жанаржағар май сатып алған.
Шаруашылық төрағасы Рақымбай Әділжанов Кеген ауданында 9 мың гектар суармалы жер бар екенін ескере келіп, Кеген ауылында салынып жатқан су каналын ландшафтқа байланысты қайта қарау керек деген ұсынысын алға тартты.
Жоғарыда аталған ұсыныс-талаптарды тыңдай келе облыс басшысы Кеген ауданының аграрлы өңір екенін айтып, сұрақтар жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Келесі маусымға ауылшаруашылық саласы бойынша кешенді дайындық жасау жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
– Тұмасы тұнық, ауасы саф туған ауылымда, көзкөргендерім мен бала-шағамның ортасында өмір сүргім келеді. Кеген ауданынан ауылыма қатынаудың әуресімен жүргім келмейді. Денсаулық жарамайды, кәрілік те жар бермейді, – деген ақсақалға аймақ басшысы мәселенің мән-жайын жіті зерттеп, облыс, аудан әкімдігі тарапынан сұранысқа нақты жауап берілетінін ескертті.
Одан соң Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйінде облыс басшысының есептік кездесуі жалғасын тапты. Облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов жиынды ашып, жұмыс регламентімен таныстырды.
Алғаш сөз алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев тоғыз айда атқарылған жұмыстарға тоқталып, шешімі табылмаған 51 мәселенің 31-і орындалғанын, қалғаны жыл соңына дейін шешілетінін есептік баяндмасында атап өтті. Кереге таулы Кеген ауданына газ құбырын тарту жөнінде пысықталып жатқан жұмыстарға тоқталды. Алматы облысының өңірлік дамуы жөнінде облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев 9 ай бойынша есептік баяндамасын оқып, Кеген ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жалаңаш ауылындағы сауықтыру орталығына 884 млн теңге бөлінгенін айтып өтті. Олқы кеткен жұмыстар да аз емес екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, денсаулық, білім, мәдениет, әлеумет және құқық саласы бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, ауданға кіріс көздерін табуды тапсырды.
Сұрақ-жауап кезегінде Кеген ауылының тұрғыны Жасұлан Жанұзақов айтыла-айтыла жауыр болған, «Көкпек – Кеген – Түп» республикалық маңызы бар автожолының сүреңсіздігін, сын көтермейтінін «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкіліне халық атынан ашына жеткізді. «Қазавтожол» маманы тұшымды жауап бере алмады. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев республикалық маңызы бар Кеген – Нарынқол автомобиль жолының назарда екенін ескертіп, ауыл тұрғындарын сабырға шақырып, жол жөнінде «Қазавтожол» жұмыс атқара алмаса, облыс меншігіне берсе деген ұсыныс барын атап өтті және жол жасау жұмыстары болашақта кезең-кезеңімен атқарылатынын айтты.
Жастар атынан Кеген аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Әділет Шүкен Мәдениет үйінен бөлек, Салтанат сарайы салынса және жастарға арналып, суда жүзу бассейні бой көтерсе деген екі ұсынысын жеткізді. «Бәрі қаржыға байланысты, ауданда спорт саласы жақсы дамып келеді. Кеген аймағы туризмге таптырмас өңір. Алдағы уақытта бұл ұсыныстарыңыз ескеріледі», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Міне, осындай жайттармен танысқан облыс әкімі қабылдауына және есептік жиналысына келген азаматтардың арыз-шағымдары, талап-тілектері ескерусіз қалмай, шетінен орындалатынын жеткізді. Жиын барысында басқарма мен аудан әкіміне, орынбасарларына арнайы тапсырма берген облыс басшысы кейбір мәселелер аудан шеңберінде жауабын табуға тиіс екенін ескертті.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы