Қазіргі таңда әлеуметтік желіні қолданушылар санының артуына байланысты халық тұтынатын мобильді трафик көлемі де өсті. Ал бұл интернет сапасының нашарлауына алып келді. Мәселені шешу үшін байланыс операторларының базалық стансаларын ұлғайтып, жаңа желілер салу қажет. Бірақ тұрғындар арасында арнайы мұнараларды орнатуға қарсылық көрсететіндер де бар. Мұны ғылымда радиофобия деп атайды, яғни, электр желісіне қатысты құралдардан қорқу. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихаты өтіп, онда сала мамандары «бұл қорқыныштың қоғамға әсері қандай, одан қалай арылымыз?» деген сауалдарға жауап берді.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары Жандос Ақыл тұрғындардың радиофобиясы байланыс сапасын арттыруға кедергі екенін мәлім етті. Оның айтуынша, тұрғындардың шағымына байланысты мамандар құрылғыны алып тастауға мәжбүр.
– Базалық стансалардың орналасу траекториясының өзгеруі сигнал сапасының нашарлауына, тіпті, толық жоғалып кетуіне әкеледі. Айта кету керек, базалық стансаны бөлшектеу – көп уақытты қажет ететін және қымбат процесс. Өйткені жаңа учаскені іздеу, сәулет және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарынан рұқсат алу, құрылыс жұмыстары, электрмен жабдықтау жұмыстары бірнеше айға созылуы мүмкін, – деді Жандос Ақыл.
Келесі болып баяндама оқыған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Муслим Сағадиев бүгінгі күні 2267 радиотехника қондырғысы есепте тұрғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, департамент тарапынан аталмыш бағандар мен байланыс операторлары орнататын мұнаралардың халықтың денсаулығына әсерін анықтау мақсатында радиотехникалық қондырғылардың жұмысына зертханалық-аспаптық зерттеулер мен мониторинг жүйелі түрде жүргізілетінін айтты.
«Freedom Telecom» ЖШС Қонаев қаласындағы филиалының радиобайланыс бөлімінің басшысы Қайрат Ордатаев тұрғындарда базалық стансадан сәулелену дозаларын алады деген жаңсақ пікір қалыптасқанын алға тартты. Салдарынан, бір ауылдың тұрғындары базалық станса желісін кеңейтуде ұялы байланыс операторларына қарсы тұрса, өзгелер байланыстан ажырап қалып жатыр. Маманның айтуынша, радиофобияға бой алдыратындар егде жастағы адамдар көрінеді.Осыған орай, облыс көлемінде радиофобиямен күресу жұмыстары ары қарай жалғасын таппақ.
Елімізде ұялы байланыс желісінің элементтері үшін электромагнитті сәуле тарату нормалары 10 мкВт/см2 құрайды. Бұл өзге елдермен салыстырғанда 10-20 есе төмен. Скандинавия елдерінде бұл норма – 100 мкВт/см2, АҚШ-та – 200 мкВт / см2. Яғни, Қазақстандағы нормотивтер әлдеқайда қатаң және байланыс мұнараларының қауіпсіздігі кәсіби мамандар әзірлейтін қатаң нормалар мен стандарттармен реттеледі.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы