«Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында облыс аумағында жыл басынан бері 1 млрд 968 млн теңге болатын 286 бизнес бастама қолдау тапты. Бұл туралы облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Қуат Байғоджаев депутаттық фракция отырысында мәлімдеді.
Төрағаның айтуынша, бағдарлама облыстағы 133 ауылдық округтің бәрін қамтиды. Бірақ, бекітілген шарттарға сәйкес жобаға Қонаев, Есік, Талғар, Қаскелең қалаларының тұрғындары қатыса алмайды.
«Биыл өңір жұртшылығынан сомасы 9,5 млрд теңге болатын 1 300-ден аса өтінім түсті. Оның 717 өтінімі бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Қалған 619 бизнес-жоспар мақұлданды. Қазіргі уақытта 286 қарыз алушыға жалпы сомасы 1 млрд 969 млн теңгеге несие берілді», – деді Қуат Байғоджаев.
Жалпы, бағдарлама бойынша Жамбыл, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарында 22 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған.
Сондай-ақ, өсімдік және мал шаруашылығы саласында әзірленген 50 жоба ауылдық елдімекендерде халыққа қызмет көрсету жоспары таныстырылды. Бұл жобалар бойынша бау-бақшаны дамыту, жылыжай кешендері, шағын құс фабрикасы, бал өндіру, жем-шөп дайындау, жиһаз, киім-кешек тігу және басқа да өндірістер ашу көзделген.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында аталмыш жоба аясында 1500-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.