Заманымыздағы өзекті тақырыптың бірі – қоршаған ортаның тазалығын сақтау. Айналаға қоқыс тастау арқылы біз тек өзімізге ғана емес, барлық тіршілік атаулыға, жануарлар мен өсімдіктерге, жәндіктерге зиян келтіреміз. Қазіргі таңда қоқыс мәселесі – әлемдік мәселеге айналды. Ашық теңіз, өзен-көлдерде, саябақтарда, тіпті көшелердің өзінде қоқыстың түрі-түрін кездестіруге болады.
Күн сайын көшеден қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық жанашырларын көреміз. Жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің астында, шытынаған аязда жұмыс істейді. Ауа райының қолайсыздығына қарамайды. Өйткенi, олар қала тазалығына жауапты екенін сезінеді. Табиғаты сырға, тарихы терең жырға толы, ежелгі өркениеттің бесігі – «Алтын адамның» атамекені болған Есік қаласында тазалықты сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Айталық, өткен жылы Есік қаласының тазалығын қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 54 млн теңге қаржы қарастырылған. Есік қаласының әкімі Асхат Аңсатбаевтың айтуынша, бүгінгі күні күл-қоқыс шығарумен «Бақыт и К 2012» жеке кәсіпорны айналысуда. Бүгінде аталған мекеме қала тұрғындарымен және өзге де мекемелермен жасалған келісім-шарт негізінде өз міндетін атқаруда. Әлбетте, тазалықпен қатар «Алтын адам» атамекенін абаттандыру да аталған «Бақыт и К 2012» жеке кәсіпорнының құзырында. Қолдағы мәлімет бойынша, 50 мыңға жуық тұрғыннан шыққан қалдықтарды аптасына бір рет жауапты мекеме жинайды. Сөйтіп, қоқыс алаңына жеткізеді. Олардың айтуынша, бір аптада шамамен 200 тоннадан артық қоқыс шығарылады. Дегенмен, тазалық жұмысына жауапты мекемемен әлі келісімшарт жасамаған отбасылар да бар көрінеді. Олар көбінесе келісімшарты бар көршілердің жинап қойған тұрмыстық қалдықтарына өз қоқыстарын қосып жібереді екен. Соның салдарынан тазалық жұмыскерлері нормадан артық қоқыс шығаруға мәжбүр болады. Қызмет бағасының арзан болғанына қарамастан қаладағы базарлар мен дүкендер келісімшарт жасамай отыр. Сол себепті олар қоқысты жол жиегі мен өзен аңғарына төгеді. Тазалық сақшылары кейде сол бей-берекет төгілген қоқыстарды да тазалап тұруға мәжбүр екенін жасырмайды. Қалай десек те, қаланың әрбір тұрғыны таза ортада, жасыл аумақта жүргісі келеді. Ал оны жасау – бәріміздің ортақ ісіміз.
Есік қаласы әкімдігінің мәліметінше, үш жылдан бері қала маңындағы үш қоқыс полигоны заласыздандырылған. Қазір Есікте коқыс полигондарына қатысты қандай да бір түйткіл жоқ екенін айтады. Таза қаланың тынысы кең. Үрдіске айналған жалпықалалық сенбілік шаһардың көркеюіне көп үлесін қосуда. Жақында ғана Алматы облысының елді мекендерін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша өткен тазалық шарасына 1000 адамды қамтыған 50-ден астам кәсіпорын, ұйымдар мен мекемелер белсенді түрде атсалысты. Сонымен қоса, аталған сенбілікке «Есік Су», «Бақыт и К 2012» ЖШС техникалары жұмылдырылды. Тазалық шарасының шеңберінде 70-тен астам көше, тұрғын үйлерге, мекемелерге, ұйымдарға іргелес 900-ден астам аумақ, 4 саябақ пен сквер тазартылып, 200 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Осындай ауқымды шаралардың атқарылғанына қарамастан қоршаған ортаға немқұрайлы қарайтындардың қатары сиремей келеді. Мысалы, табиғат аясына шығып, отбасылық демалыс ұйымдастырғандар сол жерге от жағып, қоқыс тастап, ластап кетеді. Сол секілді, көлікпен жүйткіп бара жатқан жүргізуші яки жолаушы болсын, жолдың бойына пластикалық немесе шыны бөтелкелерін лақтырып кетуі әдетке айналған. Биыл жазда Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі мен «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері обсерватория аумағына сенбілік өткізді. 43 адам, 4 техника жұмылдырылған тазарту жұмысының нәтижесінде 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылған болатын.
Табиғат туралы айтқанда, ондағы таңғажайыпты бұзатын жабайы аңдар емес, өзіміз – адамдар екені жанға батады. Яғни, адамдардың жабайылығы. Осы орайда, демалу мәдениетін қалыптастыру – өте маңызды мәселе. Экотуризмнің мән-мағынасын халық әлі жетік білмейтіндей көрінеді. Табиғатқа артынып-тартынып сонша тағам апарып, ішіп-жеп, одан қалғанын жан-жағына шашып, айналаны ластап кету – бүгінде, өкінішке қарай, көз үйренген жағдай. Демалушының мәдениеті осыдан аспай қалып жатыр. Қоқыс сияқты үлкен мәселенің жайын біржақты ету үшін парк Алматы қаласында орналасқан қоқыс өңдеу зауытымен келісімшарт жасасқан. Орманшылықтардан жиналған қоқыс бірден Алматыға жөнелтіледі. Сонымен қатар парк қызметкерлері әрдайым түрлі акциялар ұйымдастырып, демалушыларға түсіндіру жұмыстарын өткізіп отырады. Мысалы, жақында «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалы, Есік орманшылығы Есік көлінде Қазақстан туристік ассоциациясымен бірлесе экологиялық маңызы ерекше акция өткізіп, көл аумағына ағаштар отырғызылып, айналаны қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізген. Демалушы мәдениетін қалыптастыру мен халық арасында табиғатқа деген жанашырлықты ояту үшін Түрген филиалының эколог-ағартушысы Жанаргүл Ниетәлиева белгіленген жоспарға сай халық арасында, мектеп оқушыларымен түрлі семинарлар, жарыстар мен ойындар, түсіндіру жұмыстары өткізілетінін айтты. Рас, әлеуметтік мәселенің қордалануына әркімнің өз жауапкершілігіне салғырт қарағаны себеп. Дей тұрғанмен, көше тазалығының көңіл көншітпеуіне әкеп соққан көп түйткілдің жауабын да жалпы жұрттың кейде жай тұрмыстық қағидалар мен қоғамға ортақ ережелерге көлеңке түсіре қарауынан іздеген жөн болар. Қарапайым ауыл тұрғындарының бір парасы кей адамдардың әлеуметтік тазалықты сақтауға мүлдем құлықсыз екендігін айтады. Олардың сөзінше, көшедегі жүргіншілердің кей бірі кез келген жерге қоқыс тастайды немесе әлеуметтік орындарда қақырып-түкіреді. Тіпті, ескертуге құлақ аспайтындар да табылады.
Мұндай жауапсыздық адамдардың өз басына сойыл болып тиіп жатқаны тағы бар. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылының тұрғындары елдімекен іргесіндегі заңсыз қоқыс алаңынан зардап шегуде. Округ әкімдігі үйінді тоқсаныншы жылдардың басында пайда болғанын айтады. Ол кезде ауданда заңды қоқыс полигоны болмапты. Түрген тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды осында әкеп тастай берген. Қазір сол тастанды заттар төбе болып, елдімекендегі экологиялық мәселелеге айналды. Тамыз айының соңында Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкім Марат Сұлтанғазиев заңсыз қоқыс алаңын көріп, жауапты сала мамандарына осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырған еді. Ол түйінің шешілуі алдағы уақыттың еншісінде деп білеміз. Ауылдың тазалығын денсаулықтың кепілі. Ауылдың, ауданның келбеті осындай тазалық жұмыстарымен ажарланады. Ортақ шаруаға әрбір тұрғын, әрбір үй, әрбір мекеме атсалысуы керек. Себебі, ауылдың тазалығы – сенің тазалығың!
Қорыта айтқанда, тазалықты сақтау тәрбие ретінде талбесіктен сіңірілуі керек. Ғалымдар әлеуметтік тазалық пен экологиялық ортаны қорғау танымы қаршадайынан адам санасына сіңіріліп, ол тұрмыстық әдет ретінде қалыптасу керек екендігін айтады. Себебі, өркениетті елдерде әлеуметтік тазалықты сақтау мен экологиялық ортаны қорғау арнайы тәлім-тәрбиенің өзекті бір түйіні ретінде қаралады. Енді бізге де ұлттық дүниетанымды өзек, әлемдік озық тәжірибені үлгі ететін, тазалықты сақтау мен ортаны қорғауды үйрететін жаңа әліппе керек сияқты.
Рухани құндылықты бүгінгі замананың іргетасы деп білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан үш жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында орта білім бағдарламасына өскелең ұрпаққа экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырған болатын. Бірақ сол бір игі бастаманың соңы сұйылып кеткен тәрізді. Қазірше еліміздегі мектептердің бағдарламасына экология пәні енгізілді деген хабарды естіген жоқпыз. Қалай десек те, біз үшін туған даламыздың жарық нұрға, қаламыздың жасыл нуға оранғаны қымбат.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы