Алматы облысында 282,2 мың тұрғын шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Бұл туралы кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту мәселелері жөніндегі отырыста Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев мәлім етті. Ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар көрсеткіші 19 пайызға өскенін айтты.
«Жыл басынан бері Алматы облысының аумағында 9,2 мың жаңа шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істей бастады. Бүгінде облыста жалпы саны 135,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар 6,3 млрд теңгенің өнімін өндіреді. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 18 пайызға көп», – деді Рустам Исатаев.
Жиында әкім орынбасары кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсету шаралары аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Оның сөзінше, биыл 9 айда «Даму» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне 26,5 млрд теңге бөлінген.
«Биыл 9 айда мемлекеттік қолдау аясында 370 жаңа жобаның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Кепілдік беру аясында 223 жобаға 5,98 млрд теңге бөлінді. Бүгінде Қазақстан Даму Банкі мен Кәсіпкерлікті Дамыту Қоры желісі бойынша жалпы сомасы 203,8 млрд теңге болатын 15 жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілді. Қазіргі күнде «Алматы облысының аймақтық даму орталығы» ЖШС 9 жобаны Индустрияландырудың бірыңғай картасына қосу үшін құжаттарын дайындап жатыр. 2022 жылы жаңа бизнес идеяларға мемлекеттен гранттар беру аясында 570,4 миллион теңге бөлінге, биыл 338 миллион теңге бөлінді», – деді Рустам Исатаев.
Сөз соңында ол кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту мәселесі облыстағы басым бағыт екенін атап өтті. Алға қойған мақсатқа жету үшін облыста инвестиция салуға қолайлы жағдай тудыру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.