Алматы облысының өзен-көлдерінде төтенше жағдай қызметкерлері биыл жыл басынан бері 85 адамды құтқарды.
Суға бату оқиғалары тек жаз айларында ғана емес, қүз және қыс мезгілдерінде де болып жатады. Әсіресе әуесқой балықшылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы оқыс оқиғаға ұрындырып жатады.
Алматы облысы ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, мамандар су айдындарында қауіпсіздік ережелерін түсіндіре отырып, профилактикалық іс-шараларды жиі өткізеді.
Өңірде азаматтық қауіпсіздікті сақтау жолында жанын шүберекке түйіп, адам жанын арашалап қалу жолында 52 маман жұмыс істейді. Қазіргі таңда Қонаев қаласы мен Шенгелді ауылдық округінде екі құтқару бекеті бар. Департамент өкілдерінің айтуынша, болашақта Балқаш және Еңбекшіқазақ аудандарында бекет салу жоспарланып отыр.
«Жыл басынан бері 185 жасақ жасақталды, бүгінгі таңда Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағы қажетті құралдармен жабдықталған. Атап айтсақ, бөлімше балансында 11 техника мен 15 қайық бар», – дейді Жандос Қанатұлы.
Бұдан бөлек, арнайы 4 ит техногендік және табиғи апат жағдайында құтқару жұмыстарына үйретіліп жатыр.Құтқарушылармен бірге қызмет етіп жүрген «жауынгер» иттердің шығу тегі бельгиялық. Туған сәттен бастап, ерекше режимде тәрбиеленіп жатқан бұл иттердің сезу қабілеті, ішкі түйсігі өте жоғары дамыған. Олар адам бара алмайтын үйінділердің арасына оңай кіріп, зардап шеккендерді жылдам табады.