Балқаш ауданында мал шаруашылығы дамығандықтан мұндағы халықтың басты табыс көзі де осы сала. Аймақта екі мал бордақылау алаңы, 838 шаруа қожалығы, 27220 бас жылқы,126896 бас қой-ешкі және 130 бас түйе мен 20 мыңнан астам құс тірлкенген. 701 3047 гектар жайылымдық жері бар өңір мал азығынан тапшылық көрмейді.
Шұрайлы жерде мал шаруашылығымен айналысатындардың бір парасы жергілікті халық арал деп аталатын маңда орналасқан. Соның ішіндегі ең ірісі «Айсәуле» шаруа қожалығы. Аудан орталығы Бақанастан 150 шақырымдай жерде орналасқан. 2017 жылы 130 бас ірі қарамен басталған шаруашылық, бүгінге іргесі бекіген ата кәсіпке айналған. Қазіргі таңда қожалықта 300 бас жылқы, 400 бас сиыр бар. Мұндағы барлық төрт түлік жергілікті мал дәрігерлерінің жіті назарында.
«Шаруашылықты бастаған кезден бастап жұмысымыз ілгері басып келеді. Мемлекеттен тұрақты түрде субсидия аламын. Бұл да жұмыстың алға басуына үлкен көмек. Мал дәрігерлері де уақытында жануарларды қарап тұрады. Мемлекеттен тегін вакцина беріп, салып беріп жатыр. Бүгін ірі қараны Сібір жарасына қарсы егеміз»,-деді қожалық иесі Нұрлан Бекайдар.
Айта кетейік, Балқаш ауданында 99 мың ірі қара мал Сібір жарасына (күйдіргі) қарсы екпе алған. Сонымен қатар, 104 мың бас ұсақ мал, 27мыңнан астам жылқы мен 80 түйе індетке қарсы егілген.
«Бүгін «Айсәуле» шаруа қожалығына келіп, Сібір жарасына қарсы екпе салып жатырмыз. Көктал ауылдық округінде 9760 бас ірі қара мал бар. Соның ішінде 3250-і егілді. Ауылдық округте 52 шаруа қожалығы тіркелген. Соның 36-сында егу жұмыстары аяқталды», – дейді Көктал ауылдық округінің мал дәрігері Нұрлан Андасбаев.
Мамандардың айтуынша, Сібір жарасына қарсы жануарларды егуге казбиофарм ұлттық холдингі АҚ-ның екпесі қолданылады. Бір құты вакцина 50 бас малды егуге жеткілікті.
Күйдіргі немесе түйнеме ауруы – жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Аталмыш дерт Сібірде кеңінен таралғандықтан «Сібір жарасы» атауына ие болған. Сібір жарасы адам мен жануарларға ортақ ауру және ол жануарлардан адамға жұғады. Сібір жарасы қойда –топалаң, ірі қарада -қараталақ, түйеде – ақшелек немесе қарабез, жылқыда – жамандат деп аталады.