Балқаш ауданында өтіп жатқан әкім сайлауына өңірдің жас кәрісі бірдей қатысып, аудан үшін маңызды саяси науқаннан шет қалмауға тырысып жатыр.
Сондай саяси белсенді азаматтардың бірі —Балқаш ауданының “Құрметті азаматы”, Ақдала ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекен Шыбықбаев. Ол ” Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше”демекші, бұл сайлаудың басқа сайлаудан ерекшелігі барын айтады. “Өйткені, бұған дейін аудан әкімдері болсын, басқа лауазымды тұлғалар болсын, тағайындалатын. Бұл жолы әкімдер халықтың еркі, ықыласымен сайланып жатыр. Таяуда ғана үміткерлермен өткен кездесуде оларға әкім болған соң елдің мүддесі, халықтың тағдыры мойнына жүктелетінін, оған сенім артатынын айттық. Сайлаған соң халық одан жауап ала алады. Сондықтан мұны оң өзгеріс деп есептеймін”, — дейді қария.
Елімізде өтіп жатқан аудан және облыстық маңыз бар қала әкімдерін сайлауда жастар да белсенділік танытуда. Арасында ел конституциясы кепілдік беретін саяси құқықтарының бірі —өз таңдау еркіндігін алғаш рет білдіріп жатқан азаматтар да бар. Солардың бірі — Балқаш ауданының тұрғыны, таяуда ғана 18-ге толған Мерей Кәдірхан. “Бірінші рет дауыс беріп тұрғандықтан ерекше сезімде болдым. Себебі бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Азамат атанып, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаның бір қатысушысына айналғаныма қуанып отырмын”, — дейді Мерей Кәдірхан.
Балқаш ауданы