Алматы облысының Балқаш пен Жамбыл аудандарында 5 қараша, жексенбі күні өткен аудан әкімдерінің ресми қорытындысы жарияланды. Балқаш аудандық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан әкімі болып сайлаушылардың жартысынан көбінің даусын жинаған Азат Құтпанбетов сайланды. Оған аудандағы сайлау құқығы бар 18452 адамның 9779-ы дауыс берген. Сайлауға түскен өзге үміткерлер – Ғалым Нарбаев 784 дауыс жинаса, Ақшабай Нарбаев 444 дауыс алған. Ресми есеп бойынша, жалпы дауыс беруге 11407 сайлаушы қатысты.
Азат Құтпанбетов 1976 жылы Бақанас ауылында туған. Бұған дейін Балқаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Ал Жамбыл ауданындағы сайлаудың қорытындысы бойынша 58661 сайлаушының даусын иеленген Нұрлан Ертас әкім болып сайланды. Бұл ауданнан да әкімдіктен үш адам үміткер болған. Өзге кандидаттар Жанғали Базарбаевқа 4413 сайлаушы дауыс берсе, Ғани Шортанбаевқа 4142 адам дауыс берген. Ауданда барлығы 105895 сайлаушы тіркелген.
Нұрлан Ертас бұған дейін Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарған.