Алматы облысында кәмелетке толмаған бүлдіршінге зорлық-зомбылық жасады деген күдіктіні ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовтың сөзінше, бірінші қараша күні Жамбыл ауданының полициясына Ақсеңгір ауылының 44 жастағы жергілікті тұрғынынан қызына қазан айында белгісіз ер адамның жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасағаны туралы арыз түскен.
«Аталған дерек Қылмыстық Кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылы туған К. есімді күдікті азаматты анықтап, ұстады. Соттың санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды», – дейді облыстың бас полицейі.
Айтуынша, қазіргі уақытта қылмысты жан-жақты және шынайы тергеу мақсатында сараптамалық тексерулер тағайындалды.
Бұған дейін Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет ауылында да 60 жастағы ер адам 7 жастағы ұлды зорлады деген күдікке ілінгені туралы хабарланған.