Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесіне қатысты пікірін білдірді.
«Кейінгі жылдары осындай қылмыстарға жол бермеу мақсатында заңды өзгерткенбіз. Қылмыстық кодекстің де баптарын өзгертіп, мұндай әрекеттерге жауапкершілікті күшейттік. Отбасында осындай жағдайлардың алдын алу үшін бірнеше мәселеге көңіл бөлу керек. Заңнаманы ары қарай күшейту керек болса, біз оған дайынбыз. Бірақ бұл мәселені тек заңды өзгертумен ғана шешуге болмайды. Атап айтқанда, жастардың, азаматтардың мәдениетін көтеру керек. Елімізде осы бағытта үлкен жұмыс атқару керек деп ойлаймын», – деді М.Әшімбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бұл баағытта тиісті мемлекеттік органдар жұмыс атқарып жатыр. Дегенмен ол жеткіліксіз болуы мүмкін.
«Жалпы, түсіндіру, ағарту жұмыстары керек екені анық. Мектептерде, университеттерде тәрбие жұмыстарын күшейту керек. Себебі көп мәселе тәрбиеге байланысты. Өзара сыйластық, құрметтеу, қыздарға қол көтермеуді бала кезінен түсіндірген жөн. Сондықтан бұл мәселеде тәрбие жұмыстарындағы кемшіліктер байқалады десек, артық айтпаймыз», – деді Сенат төрағасы.