Бүгін, 10 қарашада Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы виза талаптарынан өзара босату туралы келісім күшіне енді.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі ел азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте екі ал азаматтары ерұқсат екі мемлекет аумағында бір кіргенде 30 күннен аспайтын мерзім, ал алты ай немесе 180 күн ішінде 90 күн мерзімде визасыз жүре алады.
Ал 30 күннен көп жүру қажет болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға рұқсат етпейді. Жоғарыда аталған келісім Қытайдың Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағында қолданылмайды. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 күнге дейінгі мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.
Қазақстан азаматтары қазіргі күні барлығы 34 елге визасыз бара алады.
Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге 2023 жылғы 17 мамырда Сиань қаласында қол қойылған болатын.