Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық орнықты экономикалық даму үшін маңызды фактор болып саналады. Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев Нинся-Хуэй автономиялық ауданының делегациясымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, туризм, тауар импорты мен экспорты саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ инвестициялар тарту және жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады. Өз сөзінде Рустам Исатаев екі өңірдің ынтымақтастығы үшін басым бағыттарды атап өтті.
«Өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді, өңдеу өнеркәсібін дамыту, суармалы жерлерді кеңейту және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру мәселелері болып табылады. Сондай-ақ, Алматы облысы жасыл энергия өндіру және ЖЭК жобаларын бірлесіп іске асыру мәселелерінде көрші мемлекеттің тәжірибесін зерделеуге дайын», – деді Рустам Исатаев.
Өз кезегінде Нинся-Хуэй автономиялық ауданының Халықтық саяси консультативтік кеңесінің төрағасы Чен Юн Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық табысты және өзара тиімді бастамаларда іске асырылған серпінді әріптестік екенін айтты. Екі мемлекет те экономика мен саудадан бастап мәдениет пен ғылымға дейінгі түрлі салада белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Сондай-ақ, ол инвестициялық жобаларды дамыту үшін Алматы облысының әлеуеті жоғары және тартымды екенін атап өтті.
«Алматы облысының өзіндік мүмкіндіктері мен қолайлы бизнес-климаты бар, бұл оны инвесторлар үшін тартымды орынға айналдырады. Мұнда облыстың экономикалық өсуіне ғана емес, жалпы бизнес-ортаны байытуға да ықпал ететін инвестициялар үшін перспективалар ашылады», – деп атап өтті Чен Юн.
Соңында Рустам Исатаев ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мақсатында Алматы облысының Өңірлік дамыту орталығы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне жан-жақты жәрдем көрсететінін айтты.