Ұлттық рухани мұрамызды ұлықтау, ана тіліміздің, аталы сөзіміздің абыройын асқақтату, сөйлеу шеберлігін дамыту мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ІІ республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті. Бас педагогикалық оқу орнының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған сөз сайысында еліміздің әр аймағындағы 14 университеттен келген студенттер бақ сынады.
Жоба авторы, «Ділмар» республикалық шешендік өнерді дамыту клубының президенті Жарқын Сәленұлы бұл жолғы байқаудың басты ерекшелігін атап өтті.
– Алғаш рет тақырыптар сайыс үстінде беріледі. Осылайша қатысушының ой ұшқырлығы, сөз тапқырлығы, қиыннан қисынды кесім айту шеберлігі сынға түседі. Демек біз, шешендікті шыңдау мен сынаудың түпнұсқасына едәуір жақындадық деген сөз. Жекпе-жек түріндегі шешендік сайыс жарты сағат болады. Сондай-ақ, жастардың логикалық деңгейін анықтайтын «Жүзден жүйрік» бөлімі бар. Қатысушылар тақырыпты, жұпты, шығу ретін жеребе арқылы таңдайды. Қазылар әр сайыстан соң жеке-жеке талдау жасап, пікір, ұсыныс айтып, жария түрде баға береді, – деді Жарқын Сәленұлы.
Қазылар алқасы құрамында педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Береке Жұмақаева, ақын, сазгер, ұлт жанашыры Кәмнұр Тәлімұлы, ақын, «Шалқар» ұлттық радиосының қызметкері Бақыт Жағыпарұлы болды. Байқауға «Атамұра» корпорациясының президенті, қоғам қайраткері Рақымғали Құл-Мұхаммед демеушілік жасады.
Жастар арасында алғаш рет жүлде қоры қомақты, мазмұндық деңгейі жоғары, сайыс шарттары кемелденген екінші республикалық “Ділмар” шешендік өнер байқауы ойдағыдай өтті. Екінші мәрте қатарынан қаржылық қолдау көрсеткен «Атамұра» корпорациясы жарысқа 2 миллион теңге бөліп, аталы сөзді ардақтаудың озық үлгісін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені (500 000 теңге) Сулейман Демирел университетінің (SDU University) 1-курс студенті Шыңғыс Ерболұлы иеленді.
1-орынды (300 000 теңге) Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 1-курс студенті Динара Алтынбекова жеңіп алды. 2-орын (150 000 теңге) ҚБТУ-дың 1-курс студенті Орынқожа Талғат пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3-курс студенті Нұрай Қалихановаға бұйырды. 3-орынды (70 000 теңге) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 1-курс студенті Айкөркем Байымбетова мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 4-курс студенті Бекжан Нұрмұхановтар иеленді.
Сондай-ақ, 7 қатысушыға 20 000 теңгеден арнайы жүлде берілді.
«Атамұра» баспасынан жарық көрген классик қаламгерлердің екі кітабы демеушілер тарапынан сыйға тартылды.
Жиналған көпшілік байқауда сөз семсерін жарқылдатқан жас ұрпақтың өнеріне тәнті болып, бабалар мұрасын ардақтаған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Өз тілшіміз.