Ел егемендігінің бір белгісі – ұлттық валюта. Құнды қағаз елдің экономикасын реттеуге мүмкіндік береді. Ұлттық валютамызды қалыптастыру көп күш пен еңбекті талап еткені анық.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз ресми түрде айналымға енгізілді. Содан бері елімізде бұл күн – Ұлттық валюта күні ретінде тойланып
келеді. Осыған орай, Қонаев қаласына қоныс аударғанына бір жыл толған Ұлттық банктің Алматы облыстық филиалының директоры Жалғас Қасымовпен сұхбаттасып, төл теңгеміз, оны реттеп отыратын банк жұмысы туралы сөз қозғаған едік.
– Жалғас Омарұлы, биылғы мерекенің қаржы саласы қызметкерлері үшін де, жалпы жұртшылық үшін де мәні бөлек. Өйткені, төл теңгеміздің 30 жылдығы. Бұл ретте қаржы сала сында талмай қызмет етіп келе жат қан Ұлттық банктің алар орны зор. Оның ішінде облыстық филиалдың негізгі міндеті, қандай?
– Елдің абыройы, мақтанышы саналатын төл теңгеміздің дүниеге келгеніне биыл – 30 жыл. Ұлттық валюта еліміздің заңмен белгіленген ақша бірлігі саналады. Жылдар өте келе теңгеміз түрленіп, жаңа дизайнмен әрленіп, әлемдегі ең қауіпсіз қорғалған валюталардың қатарына кірді.
Қазақстан Республикасы (ҚР) Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы №1271 Жарлығымен бекітілген ҚР Ұлттық банкі туралы ережесіне, сонымен қатар ҚР Ұлттық банкі директорлар кеңесінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №57 Қаулысына сәйкес, «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Алматы облысында ҚР Ұлттық банкінің филиалын (Қонаев қаласы) ашу туралы шешім қабылданды. ҚР Ұлттық банкінің Алматы облысындағы филиалы (Қонаев қаласы) әділет органдарында 2022 жылғы 20 қыркүйекте ресми түрде тіркелді.
Филиал құрылған күннен бастап 2023 жылдың қаңтар айына дейін Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы филиалына уақытша орналасты. Осы кезеңде орталық аппараттың әкімшілік басқармасы тарапынан 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін Алматы облысының Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1-үйдегі ғимаратты жалға алу туралы шарт жасалды. Жалға алынған ғимаратта дайындық-жөндеу жұмыстары жүргізілді және 2023 жылдың қаңтар айынан бастап филиал нақты заңды мекен-жайға орналастырылды.
Филиалға бекітілген құрылым аясында жұмыс көлемін ескере отырып және нақты қызметін үзбей, қысқа мерзімде бұрынғы Алматы облысы Талдықорған қаласы филиалында жұмыс істеген және жаңадан қабылданған қызметкерлер қатарынан филиалдың штат санын жинақтау бойынша жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда филиалдың штаттық саны 23 бірлікті құрап, өзіне жүктелген міндеттерін толықтай дерлік атқарып жатыр.
Бүгінгі таңда Алматы облысының қаржы жүйесін дамытуда банктердің қосып жатқан үлесі зор. Облыста екінші деңгейлі бірқатар банктің филиалдары жұмыс істеп тұр. Олар – Қарасай және Іле аудандарында. «Halyk Bank» Қонаев қаласына көшіп келді. Қарасай ауданында «Отбасы банкінің», «Jusan Bank-тің», Іле ауданында «Банк Центр кредиттің» филиалы ашылды. «Forte Bank-тің» филиалы бұрыннан бар. Алматы қаласында да көптеген банк филиалдары жұмыс істейді. Олар да облыс тұрғындарына қызмет көрсетеді. Болашақта облысымызда банк филиалдарының қатары көбейе түспек.
Ұлттық Банктің Алматы облыстық филиалы мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеп, жүргізуге, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыруға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ақша-кредит, қаржы нарығы және сыртқы сектордың статистикасы саласындағы қызметті жүзеге асыруға өз үлесін қосады. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауатын арттыру бағытында ұлттық валютамыз – теңгенің негізгі қорғаныш элементтері туралы хабардар ету және жалған ақша жасаудың алдын алуға қатысты іс-шараларды жүзеге асырады.
– Мерейтой аясында облыста атқарылып жатқан игі істерді атап өтсеңіз.
– Ұлттық валютаның 30 жылдығына орай облыстық филиал бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Атап айтсақ, жылда дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясына қатысып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және көпбалалы отбасы балаларын оқу құралдарымен қамтыдық. Қонаев қаласында қылқан жапырақты ағаш отырғызудан эко-акцияға атсалыстық.
Қонаев қалалық көпсалалы колледж студенттері үшін Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы музейіне экскурсия ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – студенттерді ұлттық валюта – теңге тарихымен таныстырып, төл теңгеміздің қалыптасу тарихына қатысты зияткерлік ойындар өткізу еді.
Филиалдың қолдауымен Қонаев қаласының көпсалалы колледж студенттері арасында «ОiLike» интеллектуалдық ойыны өтті. Интелектуалды ойын «Бәйге», «Ғажайып сандық», «Көкпар», «Жорға» атты 4 кезеңнен тұрды. Әр кезеңнің сұрақтары мен ойын шартына сәйкес 6 команда додаға түсіп, ойын соңында жеңімпаз командалар анықталып, сыйлықтар табыс етілді. Филиалдың қолдауымен Қонаев қаласының көпсалалы колледж студенттері арасында волейболдан шағын турнир өтіп, жеңімпаз командалар сыйлық пен Мақтау қағазына ие болды.
Филиал жоғарыда айтылғандардан басқа да бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен биыл 15 қазан мен 15 қараша аралығында Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының құрылу тарихымен халықты жан-жақты ақпараттандыру аясында облыстың жарнама алаңдарында арнайы баннерлер орналастырылды.
– Алдағы жоспарыңызбен де бөлісе кетсеңіз.
– Алдағы жоспарымыз облыстық әкімдіктің қолдауымен жер телімін алып, талапқа сай филиал ғимаратын салу, штат санын көбейту. Бүгінгі таңда филиалда 23 адам қызмет етеді. Өзіміздің ғимаратымыз болған кезде екінші деңгейлі банктерді қажетті қаражатпен қамтамасыз ету функциясы іске қосылады. Бұл біздің әрі қарай толыққанды жұмыс істеумізге жол ашады.
Осы сәтті пайдаланып, елімізде қаржы саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерді төл теңгеміздің 30 жылдығымен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Алма ЕСЕНБАЙ