Алматы облысының Жамбыл ауданында болған жол апатынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.
Әлеуметтік желіде жол апатына ұшыраған көлік «Саяхатшы Диас» деген атпен танымал блогер Диас Орынбайға тиесілі деген ақпарат пайда болды.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 12 қараша күні Ұзынағаш-Күрті тасжолында Mercedes көлігінің 20 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігінің 2002 және 2003 жылы туған екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Жүргізуші мен 15 жастағы жолаушы түрлі дене жарақатын алып, Жамбыл аудандық ауруханасына жатқызылды.
«Аталған дерек аудандық полицияда Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша тіркеліп, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы тексеріліп жатыр. Барлық қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.