Қазақстанның ұлттық валютасы- теңгенің тарихы сонау 1993 жылдың 15 қарашасынан бастау алады.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан теңгесі – әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі. Мысалы, 20 000 теңгелік банкнот ең жақсы қорғалған банкнот саналады. Бұл валюта негізі 2022 жылғы 1 қазанда айналымға шыққан. Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар.
«Халықаралық банкнот қоғамдастығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементтеріндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешімдер үшін Қазақстан банкноттарын әлем бойынша үздік деп таныды», – деп хабарлады Ұлттық банк.
Қазақстан 3 жыл қатарынан марапат алды. 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында бір елдің үш рет марапат алуы бұрын-соңды болмаған. Жалпы, Қазақстан банкноттары әлем бойынша қорғалу жағынан әрі әдемілік тұрғысынан халықаралық 10-нан астам марапатқа ие болды.
Ұлттық валюта банкноттары ерекше шытырлайтын арнайы қағазға басылған. Егер банкнотты саусақпен сипап көрсеңіз, қолыңызға әлдебір бедер сезіледі. Бұл – арнайы баспа техникасы.