Алматы облысындағы Бартоғай су қоймасында кемпірқосақ форелі өсіріледі. Былтыр ғана ашылған шаруашылықта бүгінгі таңда 75 тонна өнім сатуға дайын тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялыр қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Жылына 100 тонна өнім алуды көздеген шаруалар бұл көрсеткішті 500 тоннаға дейін жеткізуді көздеген.
«Жұмысты былтыр бастадық. Қыркүйек айында шабақтарды жібердік. Қазіргі таңда балықтың салмағы 500-700 граммға дейін артты. Оны сауда нүктелеріне жөнелтеміз»,-дейді «SN» шаруалығы басшысының орынбасары Берік Айтжанов.
Жалпы, Бартоғай су қоймасында балық өсіруге арналған 10 хауыз тәрізді тор орнатылған. Мұнда балықтар салмағына қарай бөлек өсіріледі.
Балықтардың бабы келіскен. Үш мезгіл жем беріледі. Форельдің еті дәмді болуы үшін қоректерін арнайы Польшадан алдыртады.
Өз күштерімен балық шаруашылығын қолға алған Берік Айтжановтың айтуынша, келешекте өнімді алыс-жақын шетелдерге өткізу жоспарланып отыр.