ңбекшіқазақ ауданы ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнес қатар дамыған аймақ. Ауданда жалпы саны 25 мың кәсіп түрі тіркелген. Бұл туралы көшпелі баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Оның ішінде 10 мыңы ауыл шаруашылығы бағытында еңбек етсе, 1,5 мыңы серіктестік ретінде тіркелген. Қалғаны жеке кәсіпкер болып жұмыстарын жалғастыруда.
Өңірде ШОБ субъектілерін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау жоғары. Мәселен, ауданда 14 жоба 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грант иесі атанған.
Игілікті бағдарламаның шарапатын көргендердің қатарында “Champion” деген атаумен шығатын жүгері өндірісі бар.
Үйдің ауласынан ашылған шағын цехті Рафаэль Файзуллин басқарады. Бастапқыда IT саласында еңбек еткен жан кәсіпке өзін сынау үшін келгенін айтады.
“Өмірімді өзгерткім келді. Кәсіпке келер алдында нарықты зерттедім. Қандай бағытта бәсеке аз екенін бақылап, аяғында жүгері шығару ісіне тоқталдым. Тәтті жүгеріні ұнатпайтын адам жоқ»,-дейді Рафаэль Рафисович.
Осыдан үш жыл бұрын басталған кәсіптің тасы өрге домалаған. Бүгінде шаеын ғана цехта шығатын піскен жүгері еліміздегі ең ірі сауда нүктелерінің сөрелерінен табылады.
“Мәселен, биыл 25 мың қамтама жүгері өндірдік. Былтыр бұл көрсеткіш одан да жоғары болды. Үлкен тапсырыстарды алуға әзірге шамамыз жетпейді. Үлгермей қаламыз ба деген қауіп басым. Сондықтан аз-аздан тапсырыс алып жатырмыз. Нәтиже жаман емес», – дейді кәсіпкер.
Айтуынша, ісінің алға басуы үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысқан. Құжаттары талапқа сай келіп, 5 млн теңге көлемінде грант ұтып алған. Барлық қаржы қүрылғылар алуға жұмсалыпты.
«Цехтағы керек жабдықтар Ресей және Германияда жасалған. Сапасы жақсы. Қаптамаға арналған целлофандарды шетелден аламын. Тек жүгеріні салатын картон қорапты ғана жергілікті өндірушілерден аламыз», – дейді Рафаэль Рафисович.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іс бастап, қолы жүргендердің қарасы қалың. Соның бірі —Зарина Черниязова.
Ол, «РДЦмед» сауықтыру орталығының директоры. 2020 жылы кәсібін бастаған Зарина Берікқызы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар өте тиімді дейді.
«2021 жылы грантқа құжат өткіздім. Комиссия шешімімен 2 млн теңге бөлінді. Ол қаржыға аппараттар алдық. Бұрын аудан жұрты ем алу үшін қалаға қатынайтын, қазір біздің орталыққа келеді», – деді орталық директоры.
Алдағы уақытта штат санын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданында Ұлттық жоба аясында 52 жобаға 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына 417 жоба қатысқан, сұрыптаудан өткен 62 жобаны қаржыландыру басталған.
«Аймақ ауыл шаруашылығына негізделген. Сондықтан, 100 млн теңгеден астам қаржыға ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл секілді жұмыстар жалғасын табады. 2024 жылы барлық саладағы кәсіп түрлерін дамыту көзделген», – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрболат Серғалиұлы.