Таланттың бәрі ауылдан шығады. Бірақ талантты бала кезінен танып, баулып, қанаттандыру екінің бірі беттей бермейтін іс.
Алматы облысында ауыл балаларының футбол сияқты командалық спорт түрімен айналысуына жол ашып жүрген «Ауыл футбол» жобасы қолға алынғанын екінің бірі біле бермейді. Себебі ол миллиардтаған қаржы құйылған «Алға, футбол! Алға, Қазақстан!» сияқты кезекті мемлекеттік бағдарламамен ашылған, есепке құрылған жобалардың қатарынан емес. Ол – Алматы іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылында тұратын журналист әрі белсенді Серік Мәмбетовтің ауыл балалары да қаладағы құрдастары сияқты дені дұрыс алаңда кәсіби жаттықтырушыдан аяқдоптың қыр-сырын үйреніп, бәсекесі жоғары жарыстарға қатысса деген жанашыр ниеттен туған спорттық һәм әлеуметтік бастама. Облысымыздан бастау алып, қанатын кеңге жайып келе жатқан жоба туралы Серік Мәмбетовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Ауыл футбол идеясы қайдан, қалай келді? Неге басқа спорт түрі емес, осы футболды қолға алдыңыз?
– Бұл негізі қажеттіліктен туған идея десем де болады. 2020 жылы балаларым қалаға жақын футбол үйірмесіне барып жүрді. Қанша жақын дегенмен баланы ары-бері тасу, көңіл бөлуге уақыт тапшы болды. Оның үстіне коронавирус пандемиясы басталып, қатынау тіпті қиындап кетті. Содан дос-жаранмен кезекті бір басқосуда өзім тұратын ауылдағы балалардың футболмен айналысуын қолға алсақ қайтеді деген ой келді. Өзіміз де ауылдан шықтық, ауылдың жағдайын білеміз. Әуелде қорқақтасам да, тәуекелге бел буып бастап кеттік. Сұрастырсам, ауылда футбол үйірмесі мүлдем жоқ екен. Содан қаладан жаттықтырушы бір жігітпен келісіп, ауылға шақырдық. Мектептің шағын бір залын сұрадық. Қырғауылды ауылының өзінен біраз бала жиналып, жаттығуды бастап кеттік. Одан пандемия басталып, күзде Абай ауылындағы мектептің жанындағы алаңда жалғастырдық. Ол алаңды өзіміз ретке келтіріп алдық. Биыл Іргелі ауылында бір жабық алаңды жалға ала бастадық. Жаттықтырушыға төлейтін ақшаны бірді-екілі демеуші тартып, бірдеңе етіп тауып беріп жүрдім. Бірақ кейін бала көбейіп, қосымша топтар ашылып, бір жаттықтырушы үлгермейтін болғандықтан тағы бір жаттықтырушы жалдап, секцияны былтыр шілдеден бастап ақылы жүргізе бастадық. Қазір 100-ден астам бала тұрақты жаттығады.
– Аядай ғана ауылдан басталған ісіңіз өзге өңірлерге қалай тарады?
– Жоба басталғаннан кейін әлеуметтік желіде парақшамызды ашып, жұмысымыз туралы, кезіккен мәселелерімізді айтып, жаза бастадық. Содан елдің түкпір-түкпірінен спортқа жанашыр өзге де азаматтар хабарласып, қызығып сұрай бастады. Кейін әлеуметтік желіде оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп, ауылдарында футбол ойнайтын алаң бар-жоғын сұрадық. Сөйтсек, 650-ден астам ауылда алаң тұрмақ, мектебінің спортзалы жоқ екен. Бұл деректі кезінде мәдениет және спорт министрі болып тұрған кезінде Ақтоты Райымқұлова да 1700-дей ауыл мектептерінде спортзал жоқ деп растаған. Дегенмен, жоқ деп отыра беруге тағы болмайды. Жан-жақтан демеушілер іздестіріп, ауылымыз Райымбекте (Қырғауылды ауылы Райымбек ауылдық округіне қарайды) мектептің жанындағы шағын ғана алаңқайды жөндеп, газон төселген ашық алаңға айналдыратындай қаржы таптық. Ақтөбе облысының Әйтекеби ауданындағы Ақкөл ауылының әкімдігі қаржы бөлді, сол ақшаны екіге бөліп футбол алаңын жасадық. Сонымен тоқтадық. Себебі жан-жағы қоршалған, газоны бар жеке алаң салуға ол кезде 5-6 миллион теңге қажет еді. Мұнша қаражат қайдан болсын. Қазір одан әлдеқайда көп қаржы кетеді. Мұндай ауқымды іске мүмкіндік келмейтін болған соң тым болмаса ауыл командаларына футбол формасы, аяқ киім, доп сияқты керек-жарағын алып берейік дедік. Үш жылдың ішінде банктер, букмекерлер, компаниялар сияқты біраз демеуші табылды. Олардың берген қаржылай көмегін ауылды аймақтардағы командаларға жіберіп отырамыз. Арасында жарыстар өткізіп тұрамыз. Айталық, үш жылда «Ауыл Футбол Open Cup» деп аталатын үш турнир өткіздік. Биыл турнирге Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан облыстарынан командалар қатысты. Келесі жылы Ақтөбеде өткізсек деген жоспарымыз бар.
– «Халық» қорымен меморандум орнатып жатыр екенсіздер. Сол туралы айта кетсеңіз?
– Биыл көктемде «Халық» қорымен байланысқа шығып, жобамызға қолдау көрсетуін сұрағанбыз. Олар ауыл балаларынан құралған командаларымыздың Алматы қаласының біріншіліктеріне қатысуына көмек көрсетті. Балалар үшін атқарып жатқан жұмысымыз ұнаса керек, кейін одан да ауқымды көмек беретін болды. «Халық» қорымен жасасқан келісім бойынша алдағы бір жылда 100 ауыл командаларына футбол формасы, доп сияқты керек-жарағын алып беру, 100 жаттықтырушыны УЕФА-ның «D» санаты бойынша оқыту қарастырылған. Себебі, ауылды жерде инфрақұрылымнан бөлек маман тапшылығы деген мәселе бар. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі футбол жаттықтырушысы бола алмайды. Себебі футболдың өз ережесі, техникасы бар. Оларды білмеген адам дұрыс жаттыға алмайды, одан дұрыс ойыншы шықпайды. Елдегі балалар футбол командаларының 90 пайызына жуығында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі немесе сондай дипломы бар адамдар жаттықтырып жүр екен.
Бұдан бөлек, 17 облыста «Ауыл футбол» жобасына қатысатын командалар арасында турнир және оның қорытындысы ретінде республикалық турнир өткізетін болдық. Осының аясында Алматы облысының 2012, 2013 және 2014 жылы туған балаларынан үш құрама командасын жасақтаймыз. Бір жылға жоспарланған бұл шараларға ел көлемінде 2 мыңнан астам ауыл балалары тартылады деп отырмыз.
– Жоба басталғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Ауыл балаларының футболға деген қызығушылығы қандай?
– Балалардың ынтасы зор, көрсеткен нәтижелері де жақсы. Күні кеше Алматы қаласының Балалар лигасында 2014 жылы туған балалардан құралған командамыз чемпион болды. Ал 2013 жылы туған балалар командамыз 3-орын алды. 16 команданың арасында ауылдан шыққан жалғыз команда екенбіз. 2010 жылы туған балалардан құралған тағы бір командамыз 4-орынға табан тіреді. Футбол ойнай бастағанына екі жыл ғана болған балалар таяуда «Қайрат» клубының футзалдан жасөспірімдер командасын ұтып кетті. Осыдан-ақ ауыл балаларына қолдау көрсетсек қандай жетістіктерге жететінін көруге болады.
Жалпы түсінгенім, баланы спортқа кішкентайынан баулу керек екен. Нидерландыда «Аякс» клубында допқұмар баланы балабақшадан таңдайды. Яғни скауттар (спортта командаға атлет тарту мақсатында бақылау, ақпарат жинаумен айналысатын адам) балабақшаға рнайы барып бақылап, футболға икемі бар деген балалардың ата-аналарына «мына балаңызды 4-5 жасқа келгенде футболға беріңіз» деп айтады. Кейін спорт мектептеріне барып талантты деген ойыншыларды тағы да солай таңдап алады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ойыншылар солай іріктеледі. Соны басшылыққа алып, қабілеттерін байқайық деп біз де қазір 5-7 жастағы балаларға арнап тегін бір топ ашып қойдық. Сол жастың өзінде-ақ жап-жақсы ойнайтын балалар бар.
– Футбол секциясына кез-келген бала қатыса ала ма? Қандай да бір талап, мақсат-міндеттер қойыла ма?
– Ешқандай шектеу қоймаймыз. Ынтасы бар кез-келген бала қатыса алады. Бірақ қазір топтарда орын толып қалды. Тіпті қатысамын деген балалар кезекте тұр. Қосымша топ ашуға мүмкіндік, нақты айтсақ алаң жоқ. Себебі Райымбек ауылындағы алаңды жоғарыда айтқанымдай мектептен алып отырмыз. Ол жердегі бір мәселе – алаң мектепке қарасты болғандықтан оқу жылы басталғанда көбінесе, тіпті аптаның бес күні бос болмайды десек болады. Сондықтан көбіне сенбі, жексенбі күндері ғана жаттығуға мәжбүрміз.
– Елімізде 2019 жылдан бері қала, аудан, ауылдарда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында демалыс, ойын, спорт алаңдары салынып жатыр. Осы жоба бойынша ауылдарда футбол алаңдарын салуға ұсыныс білдірмедіңіздер ме? Себебі жобаңыздың мақсаты балалар спортын дамыту болғанымен, әлеуметтік маңызы да бар ғой?
– Ол бағдарлама бойынша ауыл әкімінен бастап облыстық деңгейге дейін алаңды өзіміз салып аламыз деп хат жазып жер сұрап едік, ауылда бос жер жоқ деген жауап алдық. Мұның сыртында ауыл әкімдіктерінің өз бюджеті де мәз емес. Ауылда алдымен сумен, электр қуатымен қамту деген сияқты мәселелер жетіп артылады. Сұрап ештеңе ала алмаған соң, Райымбек ауылынан жер телімін сатып алдық. Енді сол жерге алаң салуға демеуші іздеп жатырмыз.
– Қазір аудан, ауылдарда спорт кешендері салынып жатыр. Ол жерде жаттығуға болмай ма?
– Ауданымызда ондай спорт кешені бар. Ол жердің футбол алаңы жоғары талапқа сай салынғанымен, ақылы. Біз сияқты демеушілер қаржысына күн көріп отырған командаларға тым қымбат. Тек «Қайрат» клубының футзал командасы келіп жаттығады, басқа уақытта бос тұратынын көрдім талай рет. Сондықтан оны бұқараға арналған деп айта алмаймын.
– «Ауыл футбол» жобасына ұқсас Италияда болған бір қозғалыс есіме түсіп отыр. Массимо Антонелли деген кезінде баскетболдан Италия чемпионы болған жаттықтырушы 2016 жылы елдің солтүстігіндегі бір кездері курортты аймағы болған Кастель-Вольтурно деп аталатын қаласында Африкадан келген мигранттардың балаларынан (14 жасқа дейінгі) команда құрап, баскетболға баулиды. Ол да мигрант балаларды жаттықтыру үшін өзінің баскетболшы таныстарынан жылу, көмек жинап, қаладағы қаңырап қараусыз қалған спорт ғимаратын залға айналдырады. Тіпті балаларды тасу үшін автобус сатып алады. Алайда, олардың алдынан шыққан ең үлкен кедергі – дайындалатын орын, құрал-жабдық емес, заңнамадан туындайды. Ол құрған команда елдегі аймақтық жарыстарға қатыса алмайтын болып шығады. Себебі Италия заңы бойынша мигранттардың балаларына спорт жарыстарына қатысуға болмайды екен. Содан Антонелли бұған БАҚ назарын аударып, ол парламент, үкімет деңгейінде қаралып, ақыры аталған команданың, жалпы елдегі мигранттар отбасында туған балалардың жарыстарға қатысуына рұқсат етілетін заң қабылданады. Ал қазір сіздердің алдарыңызда тұрған ең үлкен мәселе не деп ойлайсыз?
-Ешнәрсе жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Жобамызға қолдау көрсетіп жатқан үлкенді-кішілі демеушілер бар. Дегенмен, құзырлы органдарға талай рет жүгінгендегі байқағаным, ауылға, ауыл балаларына жаны ашу, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалану, іске жаратуға ниетті еместей көрінеді. Таяуда Оңтүстік Кореяның темекі өндіретін компаниясы зауыт ашып жатыр дегенді естідім. Оған қажетті жер беріліп, инфрақұрылым тартып береді екен. Экономикамыздың дамуына еш қарсылығым жоқ. Бірақ футбол – тек спорт қана емес, ол әлеуметтік маңызы бар жоба. Керек десеңіз оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір кездері айтқан креативті экономиканың бір саласына айналдыруға болады. Ауыл мектептеріндегі спорт залдарының өзін ретке келтіріп, дұрыс пайдалана алсақ соның өзі балаларға үлкен игілік болады дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Айбек Мұқан