Алматы облысында 20 қарашада ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада басталды. Республика бойынша алғаш ұйымдастырылып отырған олимпиадаға облыстағы 389 мектептің 9-11 сынып оқушылары қатысады. Бұл туралы Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Олимпиада ауыл мектептері оқушыларының теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету және дарынды балаларды анықтау мақсатында өткізіледі.
Республика бойынша олимпиадаға 85 401 оқушы қатысады, соның ішінде Алматы облысында 8684 бала бақ сынайды. Ауыл мектептерінде оқитын оқушылар арасындағы білім бәсекесі 20-30 қараша аралығында өтеді.
«Алматы облысынан бүгінгі олимпиадаға 389 ауыл мектебі қатысып жатыр. Оқушылар 13 пән бойынша сынақ тапсырады. Тапсырмаларды тестілеу түрінде орындайды. Аталған білім сайысы балалардың көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Барша қатысушы жастарға сәттілік», – деп атап өтті Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Елубаева.
Дарындылар додасына Іле ауданынан ең көп оқушы өтініш берген. Мұнда олимпиадаға қатысуға 2370 бала өтінім берді. Ал өзге аймақтарға келер болсақ, Балқаш ауданы – 325, Еңбекшіқазақ ауданы – 1202, Жамбыл ауданы – 1007, Іле ауданы – 2370, Кеген ауданы – 339, Қарасай ауданы – 1645, Қонаев қаласы – 139, Райымбек ауданы – 312, Талғар ауданы – 832, Ұйғыр ауданынан 513 оқушы олимпиадаға қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада үш кезеңнен тұрады. Оқушылар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыт негізінде сынақ тапсырады.