AMANAT партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында халықтың құқығын қорғауды көздейтін шара ұйымдастырылды.
Партиядан көмек сұрап келгендердің бірі – Ж. есімді Қонаев қаласының тұрғыны. Ол күйеуінен зәбір көріп, жапа шеккен. Оның айтуынша, жолдасы туған-туыстарымен араластырмай, жиі қол көтеріп отыратын. Тіпті әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақысын да алып, бермеген.
Көмек сұрап партия есігін қаққандардың бірі – А. есімді жәбірленуші. Ол бұрынғы күйеуін ата-ана құқығынан айыруды сұрады. Қазір ол үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Алименттен жалтарған әке өз балаларын оқытуға, тәрбиелеуге және асырауға араласпай жүргенін айтты.
Сонымен қатар, партияға көмек сұрап Л. есімді зейнеткер жүгінді. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі немересін жүріп жүрген жігіті алдап, тақырға отырғызып кеткен. Оның атынан үлкен сомада несие алып, артынша із-түссіз жоқ болып кеткен.
Тағы да басқа мәселелері бар азаматтар партияның қоғамдық кабылдауына жүгінді. Заңгерлер мен адвокаттар заң аясында тегін көмек көрсетіп, тұрғындардың мәселесі алдағы уақытта оң шешілуіне ықпал жасайтынын жеткізді. Жалпы жыл басынан бері өңірде 42 құқықтық көмек берілді, 200-ге жуық азамат көмек алды.
Облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев өз сөзінде қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Көпбалалы отбасылар, аз қамтылған азаматтар алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша заң көмегін жоба аясында ала алады. Осы орайда партия заңгер кеңесіне мұқтаж әрбір адамға тегін көмек көрсетілуі үшін әділет департаменті және «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен бірлескен ынтымастық туралы меморандум жасады», – деді ол.
Филиал басшысының айтуынша, өңірдегі «Жанұя» дағдарыс орталығына 189 адам көмекке жүгінген. Олардың 47-і жәбір көрген әйелдер, ал 142-сі кәмелет жасына толмағандар.
Айта кету керек, биыл партияның сайлауалды бағдарламасы аясында облыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылған болатын. Орталық 50 адамға дейін қабылдай алады. Бұдан басқа Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында да зардап шеккен аналар мен балаларға арналған орталықтар жұмыс істеп тұр.